фото: pixabay.com
Бұқтырмадағы көпірді алты ауданының халқы алпыс жыл күтті. Бұл туралы "Сапалы Қазақстан" порталы qazaqstan.tv сайтына сілтеме жасап хабарлайды.
Шығыс Қазақстан облысындағы Бұқтырма су қоймасында салынған 1316 метрлік көпірдің маңызын сөзбен жеткізу қиын.
Екі жолақты көпірдің құрылысы 2021 жылы басталған. Осы аптаның дүйсенбісінде соңғы сынақ жасалды. Жүк тиелген жалпы салмағы 450 тонналық 15 самосвал өтті. Деформация, вибрация көрсеткіштері және жүктің қалай күш салатыны тексерілді.
Көлік министрлігі «сынақтың нәтижесі көпірдің қауіпсіздіктің нормативті талаптарына сай келетінін, өте көп жүкті көтере алатынын көрсетті» деп отыр.
Бұл көпір Жарма, Қатонқарағай, Күршім, Көкпекті, Зайсан, Алтай аудандарының арасында қозғалыстың іркіліссіз болуын қамтамасыз етеді.
Неге сонша маңызды деп тұрғанымызды түсіндірсек. Еліміздегі ең ірі және ең ұзын Бұқтырма бөгені 1962 жылы салынған. Су айдынының көлемі 5 940 шаршы км, ұзындығы 600 км. Су қоймасының бойындағы Өскемен, Бұқтырма су электр станциялары облыс аудандарын электр энергиясымен қамтамасыз етеді. Бөгеннен көктемде жіберілген су Шығыс Қазақстан облысы ғана емес, Павлодар облысының егістік пен шабындығын суарады.
Сонымен 62 жылы салынған су қоймасына керек көпірді ШҚО алты ауданының он мыңдаған адамы 62 жыл күткен екен. «Күтумен кешкен ғұмыр» болмағаны қандай жақсы.
Он мыңдаған адам өз аудандарынан шығу үшін Бұқтырманы айналып өтуге немесе ескі паромдармен қатынауға мәжбүр еді. Паром күндіз ғана жылжыды, қалып қоймау үшін асыққан адамдар жылдамдықпен жүріп, қаншама апат болды. Жағада түнеп қалу да норма еді. Таңертең бірінші паромға үлгеру үшін жұрт түнгі 2-3-те тұрып келді. Ал мұз қатқанда паром тоқтайтын. Мұз үстімен жүруге тәуекел еткендердің арасында жағалауға жете алмағаны аз емес. Адамды да, көлікті де жұтты...
Билік жаңа көпір Республика күні қарсаңында ресми ашылады деп хабарлады.
Алпыс жылдан астам уақытқа созылған азаптан құтылатын тұрғындар су қоймасынан бірнеше минутта өтеді. Бұрын кезек күту уақытын есептемегенде жағалауға 40 минутта жететін. Сонымен бірге қатынау қиын болғасын азық-түлік, бензин қымбатырақ еді. Енді жол азабынан құтылғасын тауарлар бағасына қосылған үстеме де азаяр.
Пікірлер
Комментарий қалдыру үшін порталға тіркеліңіз немесе кіріңіз
Авторизация через