фото: pixabay.com
Елімізде жұмыртқа 11 пайызға қымбаттады. Қыркүйектің соңғы аптасында бағаның күрт көтерілгенін тұтынушылар да байқаған, деп жазды ktk.kz.
Ұлттық статистика бюросының мәліметінше, әлеуметтік маңызы бар азық-түліктің бұл түрі, әсіресе Ақтөбе қаласында қымбат. Өндірушілер бұны сапасыз жем-шөппен байланыстырып отыр. Елде өндірілген азық тауыққа беруге жарамсыз болған соң, Ресейден басқасын алдырып, тағы бір шығындалған.
Алматыдағы ең ірі супермаркетте жұмыртқаның неше түрі бар. Он данасының бағасы 629 теңгеден басталып, 945 теңгеге дейін. Мәселен, сұрпы мен салмағы үлкен түрінің бағасы да 975 теңге. Қазірдің өзінде жұмыртқаның бір данасы 50 теңгеден асып түскен. Алматылықтар «жаңа жылға дейін құны одан әрі өсіп кетпей ме?» деп уайымдайды.
— Оған біз қалай әсер етеміз? Оған енді жауапты адамдар бар шығар. Халықтың қалтасына батады. Балалары көп отбасыларға қиын.
— Жағымсыз жағдай. Дегенмен жиі тұтынатын тағам болғандықтан, үйреніп қалдық қой, бәрі қымбаттағанға.
Фото pixabay.com.
Ұлттық статистика бюросы сарапшылары соңғы бір айда елімізде жұмыртқа құнының орташа есеппен 11,6 пайызға өскенін айтады. Ең қымбат жұмыртқа Ақтөбе, Ақтау, Павлодар, Шымкент пен Қарағанды қалаларында сатылып жтыр.
Таңшолпан Кереева, Тұтыну бағалары статистикасы басқармасының сарапшысы: — Ұлттық статистика бюросы әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарының тізбесіне кіретін бірінші санаттағы жұмыртқаларды ғана тіркейді. Жұмыртқа бағасы орташа есеппен 11,6 пайызға өскен. Ақтөбеде 29,3 пайыз, Павлодарда 20,9 пайыз, Шымкентте 20,6 пайыз, Ақтауда 19,6 пайыз, Қарағандыда 19,5 пайыз өскені тіркелді. Бағасы төмені: Қонаев, Астана, Өскемен.
Қазір елімізде 58 құс фабрикасы жұмыс істеп тұр. Оның 29-ы жұмыртқа өндіреді. Мамандар бағаның күрт өсуін биыл сапасыз жиын-терін науқанымен байланыстырады. Оған қоса, делдалдар да бағасының үстіне өз пайызын қосуы мүмкін.
Руслан Шәріпов, Қазақстан құс өсірушілер одағаның президенті: — Жұмыртқа мен құс еті құнының 70 пайызы жемге кетеді. Биыл жақсы егін жинағанымызбен, астықтың көбі сапасыз болды. Сондықтан Ресейден жоғары сапалы жем сатып алдық. Құс фабрикалары сауда министрлігімен келісілген меморандумды ұстанады. Олар 50 теңгеден жоғары баға қоймайды. Біз бар болғаны 40 теңгеден сатамыз. Оның үстіне делдалдар 15 пайыз, саудагерлер тағы 15 пайыз қосады. Мұндай жағдай тек Қазақстанда ғана емес, сондай-ақ Ресейде, Қырғызстанда, Беларусьте те бар.
Елімізде жыл сайын 5 миллиардқа жуық жұмыртқа шығарылады. Оның 99 пайызын қазақстандықтар тұтынады. Сондықтан жұрттың алаңдауына еш себеп жоқ. Жұмыртқа бағасы жаңа жылға дейін осы аралықта болады, - дейді мамандар.
Пікірлер
Комментарий қалдыру үшін порталға тіркеліңіз немесе кіріңіз
Авторизация через