фото: pixabay.com
Отбасы банк келер жылы ислам ипотеканы енгізуді жоспарлап отыр. Бұл туралы аталған банктің басшысы Ләззат Ибрагимова айтты. Бұл туралы "Сапалы Қазақстан" порталы ktk.kz сайтына сілтеме жасап хабарлайды.
«Діни ұстаным тұрғысында пайыздық өсімді харам санайтын адамдар бар. Біздің банктің салымшылары бұл бағытта тиісті ипотеканы енгізу туралы ұсыныс айтып жатыр. Заңнама аясында тиісті ұсыныстарды пысықтап, 2025 жылы осы тетікті енгізуді жоспарлап отырмыз. Идея ретінде осыны қарастырып жатырмыз. Бұл тұрғыда нақты ережелер болмағандықтан, қазір нақты бір жаңалықты қосып айта алмаймын», - деді Л.Ибрагимова Сенаттың жалпы отырысынан кейін тілшілер сұрағына жауап бере отырып.
Айта кетейік, Сенаттың жалпы отырысында «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне тұрғын үй саясатын реформалау мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заңы екі оқылымда қаралды. Сенат заңның жекелеген баптарын жаңа редакцияда ұсынып, оны Мәжіліске қайтарды.
Сенаттың Экономикалық саясат, инновациялық даму және кәсіпкерлік комитетінің мәліметінше, Заң бойынша «Отбасы банкі» АҚ-ны ұлттық даму институты етіп қайта құру ескерілген. Бұл ретте «Отбасы банкі» АҚ-ға жергілікті атқарушы органдардың мұқтаждар үшін тұрғынжайды есепке алуды әрі қоюды және бөлуді жүзеге асыру жөніндегі функциялары беріледі.
Сондай-ақ «Отбасы банкі» АҚ-ға тұрғын үйге мұқтаждар туралы мәліметтерді қамтитын, басқа да мемлекеттік дерекқорлармен интеграцияланған «Тұрғын үймен қамтамасыз ету орталығы» электрондық базасын қалыптастыру, жүргізу, мониторингтеу жөніндегі функциялар бекітіледі.
Пікірлер
Комментарий қалдыру үшін порталға тіркеліңіз немесе кіріңіз
Авторизация через