фото: © Sputnik / Айдана Дайырова
Алматы облысы Қарасай ауданындағы Қаскелең көпірінен автобус құлап кетті. Ол көпір астынан өтіп бара жатқан спринтер көлігінің үстіне құлаған.
Жол апаты 12 қыркүйек түнгі сағат 22:00 шамасында болды. Қаскелең көпірінің үстінен құлаған автобус көпір астынан өтіп бара жатқан спринтер көлігінің үстіне түскен. Айта кетері, көпір астынан өтетін жол көлік ағылып жатқан Алматы - Бішкек халықаралық жолы. Ал спринтердің ішінде 15 жолаушы болған.
"Біз Қырғызстаннан үйлену тойынан келе жатқан едік. Екі спринтер толы жолаушы болды. Автобус бірінші көлікке құлады. Алла сақтап біздің көліктегі жолаушылардың бәрі аман, тек болмашы дене жарақаттарын алды, арамызда қолы сынған адам бар. Ешқайсымыз ауруханаға жатпадық", - дейді спринтердегі жолаушылардың бірі.
Автобус көпір үстіндегі бетонды бұзып, темір қоршауды бұза құлаған. Қоғамдық көлік Қаскелең автобус паркіне тиесілі. Жүргізушінің қалааралық жолаушы тасымалында тәжірибесі мол орта жастағы адам. Алдын ала болжам бойынша жүргізушінің рөлге ие бола алмауына денсаулығы себеп болуы мүмкін, өйткені ол қант диабетімен ауырған. Бұны оның туыстары да растап отыр. Қазіргі уақытта автобус жүргізушісі жансақтау бөлімінде жатыр.
Ал жол апаты салдарынан кептелісте тұрған көлік саны бірнеше шақырымға жетті. Тоқтап тұрған көліктерді полиция тек екі сағаттан кейін жолдан өткізе бастады.
ҚазАқпарат
Пікірлер
Комментарий қалдыру үшін порталға тіркеліңіз немесе кіріңіз
Авторизация через