фото: https://pixabay.com/ru
Жасанды интеллект тақырыбы жаһанның бағдарына айналғалы Қазақстан да көштен қалғысы келмегендей көптеген істерді қолға алуда.
Тіпті, былтырдан бастап ЖИ-ді нормативтік тұрғыда реттеу жөнінде әңгімелер шықты. Әрине, біз бұны теріс қадамға санамаймыз, себебі қазір әлемде 120-дан астам ел заңнамалық акті қабылдап үлгерген. Яғни, ЖИ-ға қатысты бізде де мемлекеттік саясат қалыптаспақ. Үкімет "Жасанды интеллектіні дамытудың 2024-2029 жылдарға арналған тұжырымдамасын" қабылдағанын білеміз. Сонымен, Қазақстан жасанды интеллектті қай бағытта пайдаланбақ, елдегі мамандар жаңа зейінді тиімді басқара ала ма?
ЖИ да өндіріс қатарына қосылады
Қазір Қазақстан үкіметі ЖИ дамыту және цифрлық ортаны құқықтық реттеу мәселелері бойынша заң жобасын әзірлеуді бастап кетті. Бұған қоса, салаға қатысты инфрақұрылымды дамыту үшін елімізде суперкомпьютерді орналастыру, деректерді өңдеу орталықтарын салу, Ұлттық ЖИ платформасын құру мен талшықты-оптикалық байланысты дамыту көзделген. Бір сөзбен айтсақ, үкімет жасанды интеллект арқылы көптеген істі автоматтандыруға болады деп есептейді. Мәселен, өндірістік процестер, денсаулық сақтау саласындағы рисктер, төтенше жағдай болжамдары мен кибершабуылдарды жаңа зейін шешетініне сенімді. Мемлекеттік басқару, мұнай-газ, тау-кен өндіру, энергетика, көлік, логистика, сумен жабдықтау және ауыл шаруашылығы саласындағы табиғи монополия субъектілері де қамтылмақ. Әйтеуір жоспар бойынша еліміз 2029 жылға қарай жасанды интеллектіні қолданып жасалған өнімдер санын 5 есеге өсіріп, IT экспортын 5 млрд долларға жеткізуге тиіс екен.
Осы күні елімізде жасанды интеллект және инновациялар комитеті жұмыс істеп жатқаны белгілі. Ведомствоның міндетіне есептеу қуаттары бар инфрақұрылымды құру, қазақ тілі моделі KazLLM құру, жасанды интеллектті қауіпсіз, жауапты және этикалық пайдалануға жағдай жасау, жасанды интеллектті салаларға енгізу, сондай-ақ адами капиталды дамыту кіреді. Дегенмен Қазақстандағы жаңа бастамаларға қоғам күмәнмен қарап жатады. Бұл жолы да жоспардың толықтай орындаларына сенім көп емес. Халықаралық жобаларда тәжірибелі IT маман Талғат Бекқалиевтің айтуынша, Қазақстан жоспардағыдай жаһандық деңгейдегі өнімдерді шығара алмайтыны анық, әйтсе де бірқатар салалардың дамуына көмек беруі мүмкін екен.
– Жасанды интелект дүниежүзі экономикасына үлкен өзгерістер алып келуде. Сондықтан Қазақстанның бұл сфераға көңіл бөлгені өте орынды. Бұл бастаманың нәтижесінде OpenAI және Anthropic компанияларының деңгейінде болатын өнімдер пайда болмайды. Өйткені тәжірибелі мамандар, қазақ тілінде ақпарат және инфраструктура аз. Бірақ бұл бастама сол заттардың қажетті деңгейге көтерілуіне көмектесе алады деп ойлаймын, – дейді ол.
Білім саласы да ЖИ-ға бағдар ала ма?
Шынын айтқанда, Қазақстанның ЖИ-ға қатысты жоспарлары керемет естіледі. Мысалы, халықаралық компаниялармен ынтымақтастық орнату, білікті мамандар даярлау, кемінде үш жоғары оқу орны жасанды интеллект саласына қажетті кадр дайындау, зерттеулер жүргізу деген іспетті. Үкімет мектептерден бастап, жоғары оқу орындарына дейін ЖИ-ді пән ретінде енгізуге ниетті. Сондай-ақ оқытушысы болмайтын peertopeer әдіснамасына негізделген практикалық оқытуды ұсынатын мектептерді іске қосу жоспарланып отыр.
Жалпы, 2029 жылға қарай 80 мың адам жасанды интеллект бойынша білім алуы қажет. Қазір елдегі 17 жоғары оқу орны ЖИ бойынша 15 бағытты енгізді. Бұл мамандықтардағы пәндерді 2 196 студент оқиды. Үкімет жасанды интеллект бойынша білім беретін ЖОО үлесін 2025 жылы 20%-дан 2029 жылы 60%-ға дейін арттыруды көздеген. Бұған қоса жылына 10 мың талант, 1 мың жасанды интеллект маманы, 100 жасанды интеллект стартап және 10 ғылыми жоба дайындау жоспарланыпты.
Ғылым және жоғары білім министрлігінің мәліметінше, қазір елімізде жасанды интеллект саласындағы қандай да бір зерттеулермен немесе әзірлемелермен айналысатын 24 жоғары оқу орны мен ғылыми орталық бар.
Қазақ тілін қолданысқа енгізу оңай шаруа емес
Тұжырымдамадағы маңызды бағыттардың бірі – нейрондық желілерге негізделген ұлттық тіл моделін әзірлеп, енгізу. Бүгінде бірнеше білім беру ұйымынан, Ақпараттық және есептеу технологиялары институтынан, Сәтбаев университетінен, Назарбаев университетінен, Ш.Шаяхметов атындағы "Тіл-Қазына" ҰҒПО, А.Байтұрсынов атындағы Тіл білімі институтынан және ҚазҰУ-дан консорциум құрылды. Мамандар шамамен 6 млрд сөз қолданысын жинаған, жиынтықтар арқылы суперкомпьютерді қолдана отырып, LLM моделі үйретілуде. А.Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімін институты, Қолданбалы лингвистика бөлімінің меңгерушісі Айман Жаңабекованың сөзінше, ұжым заман сұранысына сай қолданбалы бағыттағы жобалар бойынша қызу жұмыс істеуде.
– Жасанды интеллект тек қоғамның жаратылыстану саласында ғана емес, гуманитарлық салаларын да автоматтандыруға мүмкіндігі бар. Айталық, ол көлемді мәтіндерді оқу арқылы тілдік заңдылықтарды өз бетінше үйрене алады. Дұрыс құрылған сөйлемдер, дұрыс жеткізілген ойдың көлемді жиынтығы – жасанды интеллектіні оқытудың тілтанымдық базасы болады. Осы ретте А. Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институты Қазақ тілінің ұлттық корпусын жасау ісін біраз уақыттан бері қолға алып, оның мәтіндік базасының көлемін 40 миллион сөз қолданыстан асырды. Қазір де корпус базасына салуға дайындалып, өңделіп жатқан қыруар мәтіндік қор бар. Қазақ тілінің ұлттық корпусы тек мәтіндік қор ғана емес, лингвистикалық білімдермен қамтамасыз етілген ақылды жүйе. Бұл лингвистикалық база келешек жасанды интеллектіні оқытуға өз үлесін қосатыны даусыз, – деген филология ғылымдарының докторы.
Мәтін ішінде кездесетін барлық тілдік бірліктерді автоматтандыру үшін Тіл білімі институтында тілтанымдық база жасанды интеллект жұмысына бейімделіп, ХЛ-файлдарға түсірілген. Мәтін ішінде кездесетін қателерді автоматты тану үшін Орфограммалар сөздігі жасалыпты. Ал жалқы есімдерді тану үшін Онимдер базасы (кісі есімі, жер-су атаулары) дайындалған. Сондай-ақ кез келген сөз мағынасын түсіндіретін Семантикалық анализатор, кез-келген дыбысты талдайтын және буынға автоматты түрде бөлетін Фонетикалық анализатор әзірленген. Мәтін жазу кезінде жазушының сөздік қорын түрлендіруге көмекші құрал болатын Синонимайзер іске қосылыпты.
Қалай алғанда да қазір үкімет пен жауапты мамандар тарапынан белсенділік байқалуда. Алайда жоспардың қай деңгейде жүзеге асатынын уақыт көрсетпек. Тек бастамалар "өзге елдерден қалмайық" деген сипатта өрбімесе болғаны. Болжамдар бойынша, 2030 жылға қарай ЖИ саласы әлемдік жалпы ішкі өнімнің 7 пайызын алады. 2027 жылға таман жаһандық жасанды интеллект нарығын капиталдандыру 400 млрд доллардан асуы мүмкін. Сондықтан мемлекеттердің бұл мәселеге басымдық беруі тек емес.
ҚазАқпарат
Пікірлер
Комментарий қалдыру үшін порталға тіркеліңіз немесе кіріңіз
Авторизация через