Қазақстандық танымал боксшыға қыз зорлады деген айып тағылды

Қазақстандық танымал боксшыға қыз зорлады деген айып тағылды
фото: sports.kz

БАҚ беттері мен әлеуметтік желілерде танымал боксшы Жанқош Тұраров қыз зорлады деген ақпарат тарады, деп жазды kaz.inform.kz.

Алматы қалалық полиция департаменті агенттік тілшісінің сауалына орай, қылмыстық іс қозғалғанын растады. Бірақ айыпталушының жеке басына қатысты мәліметті нақтыламады. 

«Келіп түскен арызға байланысты Әуезов аудандық полиция басқармасы қылмыстық іс қозғады. Сот-медициналық сараптама тағайындалды. Қазір оқиғаның толық мән-жайын анықтау үшін тергеу жүріп жатыр», - делінген ведомство ұсынған хабарламада. 

Қазақстандық боксшы Жаңқош Тұраров өзіне тағылған айыпқа қатысты түсінік берді.

«Үш қыз өсіріп отырған әкемін. Төсектес қыз керек болса, маған зорламай-ақ келетін жағдайым бар! Қайдан шыққан жала екенін өзім де түсінбей отырмын. Қазір мәселенің мән-жайын анықтап, кім, қандай жала тағып отырғанын анықтаймын. 

Маған таңертеңнен бері миллион хабарлама келді. Өзім таңғалып отырмын, бұл ақпарат жалған. Бұл - жала жабу! Мен тексерілмеген, жалған ақпарат таратқаны үшін БАҚ өкілдерінің үстінен де арыз жазып, сотқа жүгінемін», - деп жазды Instagram парақшасында

Айта кетейік, 33 жастағы Жаңқош Тұраров - кәсіби боксшы. 2023 жылдың 21 наурызынан бастап жартылай орта салмақтағы IBO бокстан әлем чемпионы. 

28 қыркүйекте Алматыда өтетін AllStarsBoxing кешінде Жаңқош Тұраров IBO WORLD және WBA WORLD GOLD әлем титулдарын қорғайтыны жоспарланған.