Ерекше жанрдағы отандық кино көрерменге жол тартты

Ерекше жанрдағы отандық кино көрерменге жол тартты
фото: 24.kz

«Ағайындылар» деп аталған туындының тұсаукесері 2022 жылы Германиядағы Олденбург халықаралық кинофестивалінде өткен.  Сол шарада «Кино рухы» сыйлығымен марапатталған, деп хабарлады 24 kz. 

Дегенмен арт-мейнстрим стиліндегі фильмді қазақстандықтар тек екі жылдан кейін көргелі отыр. Киносыншыларды тәнті еткен сценарий мен актерлердің шеберлігін жұртшылық 22 тамыз күні көре алады. Көрерменнің көңілін босатқан бұл кино Дархан Төлегеновтің алғашқы картинасы. Онда балалар үйінен шыққан жасөспірімнің басынан кешкен қиындықтары баяндалады. Күтпеген жерден туған бауырын тапқандағы қуанышы керемет суреттелген. Бұл кездесу ағайындылардың бірігіп, әкесін іздеуімен жалғасады. Фильм режиссері туынды арқылы қоғамда қилы тағдырлар барын көрсеткісі келгенін айтады. 

Дархан Төлегенов, фильм режиссері: - Мен үшін көпшіліктің берген бағасы маңызды. Өйткені мен киноны қазақ көрермені үшін түсіремін. Ал фестиваль қосымша марапат, қолдау деуге болады. Осы кинода басты рөлді сомдаған екі актеріміз «Үздік дебют» номинациясы бойынша «Азия Оскарын» жеңіп алды. Кастингке келгенде екі жігіт те студент еді. Бұған дейін киноға түспеген. Соған қарамастан, басты рөлді сеніп тапсырдым. Көріп тұрғандарыңыздай, үмітімді ақтады. 

Фильм 15-тен астам әлемдік марапатқа ие болды. Сондай-ақ тәжірибелі сыншылардың да жоғары бағасын алды. Киножобаны Мәдениет және ақпарат министрлігінің «Ұлттық кино орталығы» қолдаған. 

Зарина Баянова, «Ұлттық киноны қолдау мемлекеттік орталығы» АҚ басқарма төрағасының кеңесшісі: -Отандық кинематографияны дамыту керек. Қазақстандық көрермен комедия жанрындағы туындыларды ғана емес, авторлық киноны да жоғары бағалайды. Барлық жастағы көрерменді отандық сапалы туындымен қамту маңызды. Сондықтан жыл соңына дейін тағы бірнеше киноны жарыққа шығарамыз. Жалпы 18 жоба бойынша жұмыс жүріп жатыр. Ішінде 4 ел бірлесіп түсіріп жатқан туынды да бар. Оны келесі жылы көрерменге ұсынуды жоспарлап отырмыз. 

Бір қызығы, «Ағайындылар» қазақ киносының өте сирек категориясы арт-мейнстримге жатады. Яғни көркем және деректі туындылардың қосындысы. Туынды 22 тамыздан бастап еліміздің барлық кинотеатрларынан көрсетіледі.