Жүргізуші куәлігін алғысы келетіндерге "сүйінші" жаңалық

Жүргізуші куәлігін алғысы келетіндерге "сүйінші" жаңалық
фото: https://pixabay.com/ru/

Жыл басынан бері тұрғындарға 5 млн-ға жуық мемлекеттік қызмет ұсынылған. Оның ішінде төлқұжат немесе жүргізуші куәлігін алу, автокөлікті тіркеу сияқты қызметтер сұранысқа ие.

ІІМ департамент бастығы – ІІМ ресми өкілі Шыңғыс Алекешеевтің айтуынша, мемлекеттік қызмет алуға күніне орта есеппен 40 мыңдай азамат жүгінеді екен.

"Жыл сайын көлік құралдарын тіркеу мәселесі бойынша 2,5 миллионнан астам азамат, ал жүргізуші куәлігін алуға 1 миллионнан астам адам жүгінеді. Құжаттарды рәсімдеу немесе оларды ауыстыру үшін шамамен 2,5 млн азамат жүгінсе, 2 млн-ға жуық адам тұрғылықты жері бойынша тіркеу мәселесімен келеді. ІІМ мемлекеттік қызметтерді автоматтандыруға және оңтайландыруға ерекше назар аударады. Бұл қызмет көрсетуді жеделдетіп, полициямен тікелей байланысты азайтады, азаматтардың өмірін жеңілдетеді", – дейді ол.

Белгілі болғандай, егер бұрын төлқұжаттар мен жеке куәліктер екі ай ішінде берілсе, қазір бұл мерзім 15 жұмыс күніне дейін қысқартылған. Ал құжаттарды дайындау орталықтары бар Астана, Алматы, Шымкент және Ақтөбе қалаларында өтініш беруші құжаттарды тіпті бір жұмыс күні ішінде ала алады.

Тағы бір атап өтерлігі, ІІМ мемлекеттік қызметтерді смартфондарға да енгізе бастаған. Бүгінгі таңда телефондарға ең көп сұранысқа ие 8 мемлекеттік қызмет қосылған. Олар eGov mobile платформасында, сондай-ақ екінші деңгейлі банктердің мобильді қосымшаларында қолжетімді.

Олар:

• автокөлікті тіркеу және қайта жабдықтау;

• жүргізуші куәлігін беру;

• тұрғылықты жері бойынша тіркеу және тіркеуден шығару;

 • шекаралас аумақтардың тұрғындары үшін мекенжайды растау;

• елде тұрақты тұруға және шетелдіктерге уақытша тұруға құжат рәсімдеу.

ҚазАқпарат