Жамбыл облысында 400-ден астам үйдің ауласын су басты

Жамбыл облысында 400-ден астам үйдің ауласын су басты
фото: © Жамбыл облысының әкімдігі

Жамбыл облысы Сарысу ауданында нөсер жауын салдарынан 400 үйдің ауласын су басты. Бұдан бөлек, 47 үйге су кірген.

7 шілде Сарысу ауданында қатты жауын жауды. Ал кешкі уақытта таудған аққан жаңбырдың суы 200-ден астам үйдің ауласына кірген. Жақын тұрған 21 үйдің ішін су алды. Сондай-ақ ауданда қатты желдің салдарынан бірнеше рет жарық сөніп қалған.

Облыс әкімі Ербол Қарашөкеев оқиға орнына өз орынбасарын жіберген. Артынан өзі де барды.

Соңғы мәліметке сәйкес, су 400-ден астам үйдің ауласы мен 47 үйдің ішіне кірген. Қазіргі кезде 50-ден астам құтқарушы су айдау жұмыстарын атқарып жатыр.

Бұдан бөлек, төтенше жағдай салдарын жоюға 17 техника мен 11 мотопомпа тартылды.

"Біз бұл қиындықты да бірге еңсереміз", - дейді Қарашөкеев.

Бұған дейін "Жаңатас-Саудакент" тас жолы су басу қаупіне байланысты жабылған болатын. Қазіргі кезде аудандағы ахуал тұрақты, су деңгейі төмендеді. Адам, мал шығыны жоқ.

ҚазАқпарат