Қазақстанда суперкомпьютер жалға беріледі

Қазақстанда суперкомпьютер жалға беріледі
фото: pixabay.com

Осы жылдың соңына дейін елімізде  суперкомпьютер іске қосылады.  Бұл жобаны «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры және Group42 компаниясы бірлесіп заманауи технологияларды пайдалана отырып, жүзеге асырмақшы.

Біз мемлекеттік және қаржылық қызметтерді цифрландыруда айтарлықтай жетістіктерге жеткенімізді жыл басында Президенттің өзі атап өткен еді.

Мысалы, 2023 жылдың қорытындысы бойынша қолма-қол ақшасыз төлемдердің үлесі 88%-ға жеткен.  2020 жылға дейін бұл көрсеткіш 50 пайыздан аспайтын. 

Осылайша, Қазақстан небәрі төрт жылдың ішінде қаржы технологиясы бойынша қарқынды өсуді бастан өткерді. Мұндай серпіліс экономиканың басқа секторлары үшін үлгі болуы керек – оларды цифрландыруға шындап кірісетін кез келді. 

Мемлекет басшысы атап өткеніндей, әрбір министрлікте саланың цифрлық трансформациясының картасы болуы керек (Сингапур тәжірибесі негізінде). Мұндай карта алдағы бес жылда жетекшілік ететін салаларда қандай технологиялар жаппай енгізілетінін жан-жақты көрсетуі керек.

Фото pixabay.com.

Жоба ұйымдастырушыларының айтуынша, суперкомпьютер жасанды интеллект модельдерін құруға қызмет етеді және ғылыми, академиялық ортаға, сондай-ақ жасанды интеллект өнімдерін жасауда коммерциялық мақсатта қолжетімді болады. Үкімет отырысында Прьемер-министр Олжас Бектенов осы мәселеге қатысты нақты тапсырма берді.

 «Суперкомпьютердің есептеу қуатын пайдалану оны бизнес пен ғылыми қоғамдастыққа жалға беру арқылы экономика секторларында өнімділікті арттыруға мүмкіндік береді. Суперкомпьютер жобасын бастау үшін жасанды интеллект құралдарының құқықтылығы бойынша шұғыл шаралар қабылдау қажет», - деді О.Бектенов Үкімет отырысында.

 Ол ақпараттық-коммуникациялық инфрақұрылым объектілерін жалға алу рәсімдерін оңайлату, сондай-ақ қазақстандық тіл моделін (KazLLM) әзірлеуді жеделдету маңызды екенін жеткізді.

«Осыған байланысты Қаржы министрлігіне биылғы шілденің соңына дейін қолданыстағы тәртіпке қажетті түзетулерді пысықтауды тапсырамын. Ғылым министрлігі жыл соңына дейін KazLLM үлкен тілдік моделіне арналған деректер жинауды аяқтасын. Саясат Нұрбекұлы (Ғылым және жоғары білім министрі – ред.), бірінші модельді сынақтан өткізу биыл 3-тоқсанда жүргізілуге тиіс», - деді О.Бектенов.

Суперкомпьютер – үлкен көлемдегі мәліметтерді өңдеуді және көптеген есептеу операцияларын орындауды талап ететін есептерді шешуге қабілетті, өнімділігі жоғары есептеуіш машина. Суперкомпьютер триллиондаған, кейде квадриллиондаған (15 нөлден тұратын сан) есептеу операцияларын орындай алады.

 Әлемдегі ең күшті компьютер қай елде тіркелген? Тізімдегі бірінші орынды бірнеше жыл бойы АҚШ Энергетика министрлігінің Ок-ридждегі  зертханасында салынған Саммит жүйесі иеленді. Оның LINPACK ішіндегі ең жоғары өнімділігі бүгінгі күні 148,6 петафлопсты құрайды.