фото: © Photo : Үкіметтің баспасөз қызметі
Елімізде "Жайлы мектеп" ұлттық жобасы аясында қосымша 700 мыңнан астам оқушыға орын қолжетімді болады
Премьер-министр Олжас Бектенов Алматыға жұмыс сапары барысында "Жайлы мектеп" ұлттық жобасы аясында салынған №97 мектеп-гимназиясында болды, деп хабарлады үкіметтің баспасөз қызметі.
Бұрынғы апатты жағдайдағы мектептің орнына ғимарат жаңа оқу жылының басында пайдалануға берілмек.
Бүгінде нысан 95% дайын, онда әрлеу және аумақты абаттандыру жұмыстары жүргізіліп жатыр. Мектепте 945 оқушы білім алады. Ерекше білім беру қажеттіліктері бар балалар үшін инклюзивті орта құрылды.
Үкімет басшысына мектеп ғимаратының құрылысы мерзімінен бұрын жүзеге асырылғаны туралы баяндалды. Ол үшін құрылыс-монтаждау жұмыстарының екі ауысымдық кестесі ұйымдастырылды. Барлық кезеңде орта есеппен 250 адам тұрақты түрде жұмыс істеді. Бүгінде негізгі жұмыстар аяқталып, технологиялық жабдықтармен жарақтандыру жүріп жатыр.
Олжас Бектенов құрылыс жұмыстарының сапасын бақылаудың маңызды екенін баса айтты.
"Алматы мектептерінің шамадан тыс толуы – аса өткір мәселе, сондықтан құрылысты мерзімінен бұрын аяқтау қажет. Бұл ретте алдымен сапаға басымдық берілуі керек. Балаларға арналған инфрақұрылым қауіпсіздіктің барлық талаптарына сай болуы керек", — деп атап өтті премьер-министр.
Үкімет басшысы сондай-ақ құрамына ҚазБСҚА және ҚАУ жоғары оқу орындары, ҚазБСҚА колледжі мен Almaty Digital College, сондай-ақ ҚазБСҚА және ҚАУ мектептері кіретін Халықаралық білім беру корпорациясын аралап көрді.
Корпорация оқу орталықтарын ашу, оқу аудиторияларын жабдықтау және брендтеу жөніндегі жобаларға белсенді қатысатын 250-ден астам отандық және халықаралық жұмыс беруші компаниялармен ынтымақтастық орнатқан. Бұл түлектерге жұмысқа орналасу кезінде кәсіпорын талап ететін дағдыларға ие болуына мүмкіндік береді.
ҚазАқпарат
Пікірлер
Комментарий қалдыру үшін порталға тіркеліңіз немесе кіріңіз
Авторизация через