фото: https://bangkokbook.ru/
«Ұшақпен қалталылар ғана ұшады» деген пікір келмеске кеткені қашан. Әуежайға қай кезде барсаңыз да топырлаған адам қарсы алады. Сәйкесінше, көпшілік жерде жөнсіз әрекеттердің орын алуы заңдылық. Танымал жұлдыздардың қатысуымен болған жағымсыз жағдайлар жария етілетіні рас. Әйтпесе, қарапайым тұрғындар тәртіп бұзбайды дейсіз бе?
Белгілі болғандай, 2024 жылдың бірінші жартыжылдығында Көліктегі полиция департаментінің қызметкерлері 45 567 әкімшілік құқық бұзушылықты анықтаған. Көбіне мынадай жөнсіз әрекеттер тіркелген:
- ҚР ӘҚБтК 441-бабы, яғни жекелеген қоғамдық орындарда темекі бұйымдарын тұтынуға тыйым салуды бұзғаны үшін — 1362;
- ҚР ӘҚБтК 440-бабы, алкогольдік ішімдіктерді iшкені немесе қоғамдық орындарға масаң күйде келгені үшін — 3555;
- ҚР ӘҚБтК 434-бабы, яғни ұсақ бұзақылық жасағаны үшін — 383.
Әуе кемесінде әкімшілік заң бұзушылық жасаған тұлғаларға қатысты ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің талаптарына сәйкес төмендегідей баптар белгіленген екен:
— Кодекстің 441-бабы - Қазақстан Республикасының заңнамасымен тыйым салу белгіленген орындарда темекі бұйымдарын, оның ішінде қыздырылатын темекісі бар бұйымдарды, қорқорға арналған темекіні, қорқор қоспасын, темекі қыздыруға арналған жүйелерді, тұтынудың электрондық жүйелерін және оларға арналған сұйықтықтарды тұтынуға тыйым салуды бұзу фактілері орын алған жағдайда:
1. Осы баптың 1-2-бөлігінде көзделген жағдайды қоспағанда, Қазақстан Республикасының заңнамасымен тыйым салу белгіленген орындарда темекі бұйымдарын, оның ішінде қыздырылатын темекісі бар бұйымдарды, қорқорға арналған темекіні, қорқор қоспасын, темекі қыздыруға арналған жүйелерді, тұтынудың электрондық жүйелерін және оларға арналған сұйықтықтарды тұтыну — жеке тұлғаларға 15 АЕК мөлшерiнде айыппұл салуға алып келеді.
1-2. Әуе кемесінің бортында темекі бұйымдарын, оның ішінде қыздырылатын темекісі бар бұйымдарды, қорқорға арналған темекіні, қорқор қоспасын, темекі қыздыруға арналған жүйелерді, тұтынудың электрондық жүйелерін және оларға арналған сұйықтықтарды тұтыну — жеке тұлғаларға 50 АЕК мөлшерiнде айыппұл салынады.
2. Осы баптың бірінші бөлігінде көзделген, әкімшілік жаза қолданылғаннан кейін бір жыл ішінде қайталанып жасалған әрекет — жеке тұлғаларға 20 АЕК мөлшерiнде айыппұл салу көзделген.
— Кодекстің 440-бабы — Алкогольдік ішімдіктерді iшу немесе қоғамдық орындарға масаң күйде келу фактілері орын алған жағдайда:
1. Жергiлiктi атқарушы орган алкогольдік ішімдіктерді құйып сатуға рұқсат еткен сауда және қоғамдық тамақтандыру ұйымдарынан басқа, көшелерде және басқа да қоғамдық орындарда алкогольдік ішімдіктерді iшу немесе қоғамдық орындарға адамның қадiр-қасиетiн және қоғамдық имандылықты қорлайтын масаң күйде келу — АЕК мөлшерiнде айыппұл салу қарастырылған.
2. Он сегіз жасқа толмаған адамдардың қоғамдық орындарға масаң күйде келуі, сол сияқты олардың алкогольдік ішімдіктерді ішуі — ата-анасына немесе оларды алмастыратын адамдарға 5 АЕК мөлшерінде айыппұл салуға алып келеді.
3. Осы баптың бірінші және екінші бөліктерінде көзделген, әкімшілік жаза қолданылғаннан кейін бір жыл ішінде қайталанып жасаған әрекеттер — 10 АЕК мөлшерiнде айыппұл салу немесе 5 тәулікке дейінгі мерзімге әкімшілік қамаққа алу жазасы қарастырылған.
— Кодекстің 434-бабы — Ұсақ бұзақылық фактілері орын алған жағдайда:
1. Ұсақ бұзақылық, яғни қоғамдық орындарда былапыт сөйлеу, жеке тұлғаларға қорлап тиiсу, тұрғын үй-жайларды қорлау және айналасындағыларға сыйламаушылықты бiлдiретiн, қоғамдық тәртiптi және жеке тұлғалардың тыныштығын бұзатын басқа да осындай әрекеттер — 20 АЕК мөлшерiнде айыппұл салу немесе бестен он бес тәулiкке дейiнгi мерзiмге әкiмшiлiк қамаққа алуға алып келеді.
2. Осы баптың бiрiншi бөлiгiнде көзделген, әкiмшiлiк жаза қолданылғаннан кейiн бiр жыл iшiнде қайталанып жасалған әрекеттер — он бестен отыз тәулікке дейінгі мерзiмге әкiмшiлiк қамаққа алуға алып келеді.
— Кодекстің 566-бабы — Әуе кемесінде мінез-құлық қағидаларын бұзу фактілері орын алған жағдайда:
1. Әуе кемесінде мінез-құлық қағидаларын әуе кемесіндегі адамның әуе кемесі командирінің немесе экипаждың басқа да мүшелерінің өкімдерін орындамауы түрінде жасаған бұзуы, егер осы адамның іс-әрекеті ұшу қауіпсіздігіне қатер төндірмесе — 3 АЕК мөлшерінде айыппұл салынады.
2. Ұялы байланыс пен радиоэлектрондық құралдарды әуе кемесінің бортында «ұшуда» деген автономды режимде пайдалануды қоспағанда, ұшудың барлық кезеңдерінде әуе кемесінің бортында ұялы, транкингтік байланыс қызметтерін, әуе кемесін жүргізу, биіктікке көтерілу, қонуға бет алу кезеңдерінде радиоэлектрондық құралдар мен тұрмыстық мақсаттағы жоғары жиілікті құрылғыларды пайдалану — ескерту жасауға немесе 5 АЕК мөлшерінде айыппұл салуға алып келеді.
3. Осы баптың бірiншi және екінші бөлiктерiнде көзделген, әкiмшiлiк жаза қолданылғаннан кейiн бiр жыл iшiнде қайталныап жасалған іс-әрекеттер –10 АЕК мөлшерінде айыппұл салуға әкеп соғады.
Сонымен қатар, елімізде орналасқан барлық әуевокзалдарында жолаушылардын қол жүктеріне тексеру жасайтын алғашқы қарап тексеру қызметі орналасқан. Жолаушыларға қарап тексеру жүргізу барысында қол сөмкелерінен заңмен тыйым салынған заттар аңықталған жағдайда Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексінің 287-бабына сәйкес қылмыстық іс қозғалады.
«Бұл ретте, заңмен тыйым салынған заттар қатарына кастет, телескопиялық дубинка, пышақ, ІІМ тіркелмеген қару-жарақ, оқ-дәрілер секілді суық қару қатарына жататын заттар кіреді. Жоғарыдағы баяндалғандарды қорытындылай келе әужайларда белгіленбеген жерде және әуе бортында темекі бұйымдарын қолдануға, масаң күйде жүруге және алькогольдік ішімдіктерді күту залдарында ішуге, балағат сөздер айтуға, адамдарды ұрып соғуға қатаң тыйым салынады, сондай-ақ әуе кемесінде тәртіппен заңдылықты қатаң сақтау қажет», — дейді Көліктегі полиция департаментінің баспасөз қызметі.
Еске сала кетейік, бұған дейін белгілі кәсіпкер, психолог Ахметбек Нұрсила әзілкеш пен әншілердің әрекетіне қатысты пікір білдіргенін жазған болатынбыз. Ол сахнаға шегіп шығатын «шегірткелер» шектен шыққанын айтқан еді.
https://kaz.inform.kz/
Пікірлер
Комментарий қалдыру үшін порталға тіркеліңіз немесе кіріңіз
Авторизация через