Ақтаудағы гипермаркетте тарақан өріп жүр

Ақтаудағы гипермаркетте тарақан өріп жүр
фото: https://pixabay.com/ru/

Әлеуметтік желіде тараған видеодан кейін Ақтаудағы гипермаркетке ірі көлемде айыпппұл салынды. Дүкенде мұздатқыштар ашық, ал ішінде тарақандар өріп жүр.

Видеоны гипермаркетке барған қала тұрғындары түсірген.

"Мынаны қараңыз, "Динаның" (супермаркет – Sputnik) ішінде жүрміз, тамақтарын тарақан басып жатыр. Мен жаңа наггетсті алайып деп жатсам, тарақан жүр. Соны балам көріп қалды. Міне, тарақан кәдімгідей өріп жүр, мына жерде туылған тарақандар тұр, ", - дейді видео авторы.

Ал екі мұздатқыштың арасындағы қаңылтырды қозғап жібергенде арасынан тарақандар тағы шықты. Қолмен ұстайтын жерінде құрт-құмырсқаның нәжісі анық көрінеді.

Облыстың санитариялық-эпидемиологиялық басқармасы ұсынған ақпаратқа сәйкес, гиперамаркет басшылығы Әкімшілік құқық бұзушылық кодексінің 425-бабы (Халықтың санитариялық-эпидемиологиялық саламаттылығы саласындағы заңнамасының талаптарын, сондай-ақ гигиеналық нормативтердi бұзу, техникалық регламенттерді адам денсаулығына зиян келтіруге әкеп соқпаған бұзушылық) бойынша жауапқа тартылды. Ол үшін ірі кәсіпкерлік субъектілеріне 1 600 АЕК (5 900 000 теңге) көлемінде айыппұл салынады. Бірақ оны жеті күннің ішінде төлесе, 50 проценттік жеңілдік болады.

ҚазАқпарат