Жыл соңына дейін 2 мың мектеп Илон Маск интернетіне қосылады

Жыл соңына дейін 2 мың мектеп Илон Маск интернетіне қосылады
фото: pixabay.com

Жыл соңына дейін Қазақстанда 2000-ға жуық мектеп Starlink спутниктік интернетіне қосылады. Бұл туралы ҚР Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Жаслан Мәдиев айтты.

«Starlink — ірі жаһандық компания. Қазіргі уақытта ол бізде пилоттық режимде бар. Жыл соңына дейін 2000-ға жуық мектеп Starlink терминалын алады деп жоспарлап отырмыз. Біз Starlink-пен тиісті инфрақұрылымды интеграциялау үшін, бұл технологияны көпшілікке шығару үшін келіссөздер жүргізіп жатырмыз», — деді министр Үкімет үйінде өткен брифингте.

Алайда министр елімізде Starlink-тен өзге де компаниялар бар екенін атап өтті.

«Бізде OneWeb сияқты Starlink-тен де басқа басқа шешімдер бар. OneWeb қазір байланыс станциясын орнатып жатыр. Менің ойымша, олар 2025 жылдың басында осы қызметтерді коммерциялық негізде ұсына алады. Сондықтан бұл нарық бәсекеге қабілетті болуы керек деп санаймын. Біз осындай технологияларды көбірек шақыруымыз керек, бірақ осы технологиялық шешімдерді енгізуге ұмтылыс пен ұлттық қауіпсіздік арасында тепе-теңдік болуы қажет», — деп толықтырды Жаслан Мәдиев.

Дереккөз kaz.inform.kz.