Түркістандық ата-ана Кореяға жұмысқа бару үшін баласын мешітке тастап кеткен

Түркістандық ата-ана Кореяға жұмысқа бару үшін баласын мешітке тастап кеткен
фото: https://pixabay.com/ru/

Түркістан облысында ата-аналар 20 баланы түрлі себептермен дін өкілдеріне сеніп тапсырған. Солардың бірі Кореяға жұмысқа барамын деп баласын мешіттің қарауына қалдырған.

Облыстық прокуратура мұндай факті отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу мақсатында өткізілген іс-шара барысында белгілі болғанын айтады.

Жетісай және Төлеби аудандарында уәкілетті органдардың назарынан тыс қалған 250 отбасы мешіттен көмек сұраған. Оның ішінде 20 баланы ата-анасы түрлі себептермен мешіттерге қалдырған болатын. Аталған отбасылармен сөйлесу барысында олардың қарапайым мемлекеттік көмек алу процедураларын білмейтіні мәлім болды, – деді Түркістан облысы прокурорының көмекшісі Мақсат Жүсіпбай.

Сонымен қатар өңірде кәмелетке толмаған 1,5 мың баланы ешқандай ресми құжаттарсыз туыстарының тәрбиесіне беру фактісі тіркелген. Қазір оларды ата-анасына қайтару жұмыстары жүргізіліп жатыр. Облыстық прокуратура өкілдері бұл жайтты бақылауына алдық деп отыр.

Шардара ауданының өзінде кәмелетке толмаған 215 баланың ата-аналары өздеріне заңмен жүктелген тәрбиелеу жөніндегі міндеттерін орындамай, түрлі отбасылық себептермен өз балаларын туыстарының қарауына заңда белгіленген тәртіпке қайшы қалдырған. Осыған сәйкес прокуратура тарапынан уәкілетті органдарға заңнаманы түсіндіру, көмек көрсету және кемшіліктерді жою туралы тапсырмалар берілді. Бұл бағыттағы жұмыстар жалғасуда және прокуратураның бақылауында, -деді Мақсат Жүсіпбай.

ҚазАқпарат