Қажымұқан балуан туралы комикс шықты

Қажымұқан балуан туралы комикс шықты
фото: Kazinform

10-сыныпта оқитын Рамазан Сүгірбай кәсіпқой балуан, алып күш иесі – Қажымұқан Мұңайтпасұлы туралы мәліметтерді суретпен әрлеп, комикс кітап жасап шығарды. Бұл туралы "Сапалы Қазақстан" порталы kaz.inform.kz сайтына сілтеме жасап хабарлайды. 

Ақтау қаласындағы № 13 мектеп-гимназиясында білім алатын оқушы комикс арқылы аты аңызға айналған батырлардың бейнесі мен ерлігін жастарға жеткізгісі келеді. Комикс — әдебиет пен бейнелеу өнері ұштасқан жанр.

«Көлемі өте үлкен, деректері көп ақпаратты жастарға осындай форматта жеткізген тиімді", — дейді Рамазан.

комикс

Фото: Kazinform

— Комиксте оқиға желісі сурет арқылы бейнеленеді және өте қысқа мәтін жазылады. Жалпы адамға том-том кітаптарды оқып шығуға бірнеше ай уақыт қажет. Ал комикс арқылы қысқа уақытта қажетті әрі мол мәліметтерді білуге болады. Уақытты үнемдеуге көмектеседі, — дейді оқушы.

Рамазанға комикс жасап шығаруды әкесі ұсынған.

– Сурет салу — менің хоббиім. Бір күні әкем кішкентай балаларға арнап комикс жасауды ұсынды. Басында «мүмкін емес нәрсе» сияқты болып көрінді. Сурет салуға икемім болған соң, қазақ ертегілерінің бірі «Көлтауысарды» салып көрдім. Суретті бір емес, бірнеше рет салғанда кейіпкердің бейнесі шыға бастады. Кейін Қажымұқан Мұңайтпасұлының осы комиксін құрастырып шықтым, — дейді автор.

Рамазанға атақты балуан туралы комикс әзірлеуге бір ай уақыт жеткілікті болған.

- Комикс кітап құрастырар алдында Қажымұқан атамыз туралы оқып, фильмін көріп шықтым. Бұл комикс арқылы балаларды спортқа, оның ішінде күреске шақырғым келді. Тағы бір мақсатым — біздің 4-5 жастағы кішкентай оқырмандарымыз орасан күштің иесі, боз кілемде талай балуанды жеңген қазақтың батыры туралы білсе деген ой болды, — дейді Рамазан Сүгірбай.

Рамазан алдағы уақытты халық ертегісі «Толағайдың» комикс нұсқасын әзірлеп, оқырмандарға ұсынуды жоспарлайды.