Қазақстандықтар өз өмірін қаншалықты жиі сақтандырады?

Қазақстандықтар өз өмірін қаншалықты жиі сақтандырады?
фото: https://pixabay.com/ru/

Өмірді сақтандыру адамдарды күтпеген әрі кездейсоқ жағдайлардан қорғауға мүмкіндік береді.

Бүгінде еліміз бойынша 16 жалпы сақтандыру, 9 өмірді сақтандыру компаниялары бар. Республикада 6 млн-нан астам адам өмірін сақтандырған. Полистің құны сақтандыру түріне байланысты әр алуан болып келеді.

"Қазақстан қаржыгерлер қауымдастығы талдау орталығының мәліметтеріне сүйенсек, 2023 жылы тәуекелдерді іске асыру нәтижесінде де, заңнамалық ынталандыру есебінен де ӨСК өнімдеріне сұраныстың артуы өмірді сақтандыру нарығының барлық негізгі көрсеткішінің өсуін қамтамасыз етті. Мәселен, 2023 жылы зейнетақы аннуитеттік сақтандыру, өмірді сақтандыру және жазатайым оқиғалардан сақтандыру сияқты өнімдерге сұраныстың артуы есебінен сақтандыру сыйлықақыларының (+34,0% немесе 128,1 млрд теңге) айтарлықтай өсуі байқалды: жасалған шарттар саны тиісінше 2,3 есеге, 53,9%-ға және 3 есеге өсті", - деді Қазақстан қаржыгерлер қауымдастығы сақтандыру секторын дамыту орталығының басқарушы директоры Бауыржан Нагманов.

Оның сөзінше, отандық life-сектор белсенді өсу сатысында тұр.

"Өмірді жинақтаушы сақтандыруды дамытуға бағытталған заңнамалық өзгерістер болашақта бұл өсімді сақтап қалуға мүмкіндік береді. Бұл ӨЖС клиенттері үшін салықтық жеңілдіктер туралы мәселе. 3 жыл және одан да көп мерзімге өмірді жинақтаушы сақтандыру шартының болуы сақтанушыға күнтізбелік жыл ішінде төленген сақтандыру сыйлықақысының (сақтандыру жарналарының) мөлшеріне тең сомаға, бірақ АЕК мөлшерінің 320 еселенген мөлшерінен аспайтын, табыс салығынан босатуға құқық береді", - деп жалғастырды ол.

Өмірді сақтандырушылар өз өнімдерінің ассортиментін кеңейте бастаған. Мәселен, соңғы 5 жылда нарықта валютада жинақтаушы сақтандырудың жаңа бағдарламалары, сондай-ақ инвестициялық сақтандыру пайда болды.

Бауыржан Нагманов мұндай сақтандыру бағдарламалары банктік валюталық салымдарға балама ретінде алға жылжып жатқанын айтады. Жыл санап сақтандыру өнімдерінің біразы онлайн форматқа ауыса бастаған.

Қазақстандықтар арасында өмірді сақтандыруға сұраныс қандай?

"Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің дерегінше, 2024 жылғы 1 сәуірдегі жағдай бойынша Қазақстанда 4,5 млн-ға жуық сақтандыру шарттары жасалды, бұл 2023 жылғы осы кезеңмен салыстырғанда 36%-ға артық. Бұл өсімнің негізгі драйверлері жазатайым оқиғалардан сақтандыру және өмірді сақтандыру қызметтері болды. Өсу қарқыны мен аннуитеттік сақтандыру бойынша көшбасшы – 2023 жылдың бірінші тоқсанындағы 3 млрд теңгеден биылғы жылдың ұқсас кезеңінде 40 млрд теңгеге дейін. Оның ішінде зейнетақы аннуитеттері бойынша жарналар 77%-ға немесе 23 млрд теңгеге ұлғайды. Бұл жерде үш жыл бұрын зейнетақы аннуитетіне сұраныс айтарлықтай төмендегенін еске салу қажет, өйткені қазақстандықтарға тұрғын үй сатып алуға және емделуге артық зейнетақы жинақтарын алуға рұқсат етілді. Алайда, бір жылдан астам уақыт бұрын ӨСК ерлі-зайыптылардың зейнетақы жинақтарын біріктіруге мүмкіндік беретін "бірлескен зейнетақы аннуитеті" бағдарламасын іске қосты", - деді Бауыржан Нагманов редакция тілшісінің сауалына берген жауабында.

Қазақстан қаржыгерлер қауымдастығының өкілі қызметкерлерді жазатайым оқиғалардан міндетті сақтандыру бойынша сыйлықақылар да оң динамика көрсетіп отырғанын айтты (+16 млрд теңге). Өмірді ерікті сақтандыру бойынша көрсеткіш +12 млрд теңгені құрады (+37%).

Отандық өмірді сақтандыру компаниялары өмірді сақтандырудың келесі түрлерін ұсынады: қызметкерлерді өндірістегі жазатайым оқиғалардан міндетті сақтандыру, зейнетақы аннуитеті, өмірді жинақтаушы сақтандыру, өмірді мерзімді сақтандыру.

"Қазір нарықта өте қызықты сақтандыру өнімдері, оның ішінде валюта бағамына индекстеу бар. Сондай-ақ, 2023 жылы мемлекеттік субсидиясы бар жаңа бірегей өнім баланы оқытуға арналған өмірді жинақтаушы сақтандыру пайда болғанын атап өткен жөн. Оның артықшылығы – сақтандыру компаниясының инвестициялық табысынан басқа, азаматтардың жинақтарына халықтың әлеуметтік осал топтары үшін 7% және азаматтардың қалған санаттары үшін 5% мөлшерінде мемлекеттен жыл сайынғы сыйлықақы қосылады. Оның көмегімен азаматтар мемлекеттен қосымша сыйлық ала отырып, балалардың білім алуына ақша жинай алады", - деді ҚҚҚ сақтандыру секторын дамыту орталығының басқарушы директоры Бауыржан Нагманов.

Сарапшы халықты қолданыстағы сақтандыру өнімдерімен қамту төмен екенін, жалпы сақтандыруды дамыту үшін экономикалық ынталандыру мен мүмкіндіктердің болмауы сияқты кедергілер кездесетінін жеткізді.

ҚазАқпарат