Қазақстанда өмір сапасының бірыңғай ұлттық стандарты енгізілуі мүмкін

Қазақстанда өмір сапасының бірыңғай ұлттық стандарты енгізілуі мүмкін
фото: pexels.com

Жоғары аудиторлық палата төрағасы Әлихан Смайылов Мәжілістің жалпы отырысында халықтың өмір сүру сапасының бірыңғай ұлттық стандартын енгізуді ұсынды. Бұл туралы "Сапалы Қазақстан" порталы kaz.inform.kz сайтына сілтеме жасап хабарлайды.

«Бюджет шығыстары шамамен 100 процентке атқарылған. Алайда орталық мемлекеттік органдар макроэкономикалық индикаторлардың 12 процентіне қол жеткізбеген. Бұл ретте қол жеткізілмеген индикаторлар экономиканың дамуына және халықтың әл-ауқатына қалай әсер еткені Үкіметтің есебінде ашық көрсетілмеген. Бұдан Қаржы министрлігінің 2022 жылы әзірлеген әлеуметтік-экономикалық әсерді бағалау әдістемесі толыққанды жұмыс істемегенін көреміз», - деді Әлихан Смайылов.

Оның пайымдауынша, бюджет әкімшілері экономикалық әсерлерді болжап, бағалауды үйренгенімен бюджетті қалыптастыру, оны атқару кезінде халықтың өмір сапасына әсерін бағаламайды.

«Бұл бюджеттің барынша әлеуметке бағдарлануы жағдайында болып отыр. Осыған байланысты Халықтың өмір сүру сапасының бірыңғай ұлттық стандартын енгізу ұсынылады. Бұл қазақстандықтардың әл-ауқатына мемлекеттік бюджет шығыстарының тигізетін әсерін есептеп, бағалау үшін қажет», - деді Жоғары аудиторлық палата төрағасы.