Қазақ қызы Бельгияда парламенттік сайлауға түсіп жатыр

Қазақ қызы Бельгияда парламенттік сайлауға түсіп жатыр
фото: https://www.google.com/url?sa=i&url=https Fratel.kz

Қазір ол партияластарымен бірге саяси науқанға қызу дайындық үстінде.

Қазақ қызы Назгүл Балмұхан Бельгияда Брюссель парламенті депутаттығына үміткер ретінде сайлауға түсіп жатыр. 

Ол осы жексенбіде өтетін Парламент сайлауына, Бельгияның ашық фламандтық либералдар және демократтар партиясының атынан түсіп, бақ сынамақ.

Қарағандының тумасы 90-жылдардың басында жұмыс бабымен Бельгияға барып, сол жерде отбасын құрған. Екі баланың анасы. Брюссельдегі сотта орыс, ағылшын, француз, нидерланд тілдерінен тәржімалайтын аудармашы. Қазір партияластарымен бірге саяси науқанға қызу дайындық үстінде.

– Брюссель парламентіне өтіп жатсам сайлаушылардың күнделікті тұрмысын жақсарту үшін көп іс атқарар едім. Сондай-ақ мен Брюссель мен Астананың, Бельгия мен Қазақстанның парламенттік делегацияларының арасындағы достық қатынасты дамытуға бар күш-жігерімді саламын, - деді Бельгияның ашық фламандтық либералдар мен демократтар партиясының мүшесі Назгүл Балмұхан.

Сондай-ақ Назгүл Балмұхан екі ел азаматтарының байланысын нығайтуға тырысатынын айтты.

– Назгүл Балмұхан адамдарды сендіруге мықты. Егер ол бір істі бастаса, соңына дейін жеткізбей, тынбайды. Ол күні бойы үйді-үйді аралап, пошта жәшіктеріне ақпараттарды салып, сайлаушылардың сеніміне ие болуға тырысып жүр. Ол қазақ қоғамы, Брюссель қоғамы үшін аянбай еңбектенеді. Сондықтан ол - лайықты кандидат, – дейді Брюссельдің қаржы және бюджет министрі, Open vld партиясының мүшесі Свен Гатц.

https://aikyn.kz/