Леонардо да Винчидің әйгілі картинасының түпнұсқасы алғаш рет Қазақстанға жеткізілді

Леонардо да Винчидің әйгілі картинасының түпнұсқасы алғаш рет Қазақстанға жеткізілді
фото: Мәдениет және ақпарат министрлігі

Қазақстанда алғаш рет Леонардо да Винчидің құпияға толы бірегей жауһарларының бірі «Әдемі ханшайым» (La Bella Principessa) картинасы көпшілік назарына ұсынылды. Бұл туралы Мәдениет және ақпарат министрлігінің баспасөз қызметі мәлімдеді.

Бұл шедевр Италия мен Швейцариядағы көрсетілімнен кейін Еуропадан тыс жерде бірінші рет қойылып отыр. 

«La Bella Principessa» – бұл XV ғасырдың соңында Леонардо да Винчидің қолынан шыққан итальялық ақсүйектер әулетінен шыққан жас қыздың портреті. Картина кезінде жоғалып кетіп, қайтадан табылған. Бұл – құпияға толы бірегей туындылардың бірі. 

«Леонардо да Винчи – адамзат тарихындағы ең ұлы тұлғалардың бірі. Оның кескіндеме, ғылым, инженерия және анатомия сияқты көптеген саладағы жетістіктерін атап өтуге болады. Оның таланты мен әлемді өзгеше көру қабілеті бейнелеу өнерінің бірқатар керемет туындыларын жасауға, адам танымының әртүрлі салаларына айтарлықтай үлес қосқан ғылыми жаңалықтар жасауға мүмкіндік берді. Қазақстандықтар үшін аты аңызға айналған суретшінің жұмысын өз көзімен көруге ерекше мүмкіндік туып отыр», –деді Мәдениет және ақпарат министрлігі Мәдениет комитетінің төрағасыКүміс Сейітова.

Бұрын аталған картина бүкіл әлем бойынша небәрі бес рет көрсетілген. Әр көрме сайын сыншылар мен көрермендердің үлкен қызығушылығын тудырған. 

картина

Фото: Мәдениет және ақпарат министрлігі

Дереккөз kaz.inform.kz.