Елімізде дәрі-дәрмек қымбаттауы мүмкін

Елімізде дәрі-дәрмек қымбаттауы мүмкін
фото: https://www.istockphoto.com/

     Алдағы уақытта дәрілік заттарды таңбалау басталғанда баға тағы өсетінін айтады сарапшылар.

     Елімізде фармацевтикалық препараттардың құны өседі. Сарапшылар мұнымен тоқтамайтынын айтады. 

     Телеарна мәліметінше, Қазақстанда фармацевтикалық препараттардың құны соңғы бір жылда 11 пайызға өскен.

     Өңірлер арасында фармацевтикалық өнімдер бағасының өсімі бойынша Ұлытау облысы көш бастап тұр. Мұнда дәрі-дәрмек 18,4 пайызға қымбаттаған. Одан кейінгі орында Астана мен Шымкент қалалары тұр. Ал ең төмен баға Маңғыстау облысында тіркелген. Онда дәрі-дәрмек құны 5,6 пайызға көтерілген. 

     Қазақстан тәуелсіз дәріханалар қауымдастығының басшысы Талғат Омаровтың сөзінше, Қазақстандағы дәрі-дәрмектің бағасы көршілес мемлекеттермен салыстырғанда едәуір қымбат.

     “Тіпті, 400-500 пайызға жетіп жатады. Жалпы бағаның өсуіне әуелі инфляция әсер етеді", - дейді ол. 

     Дәріхана иелері де дабыл қағуда. 1 шілдеде дәрілік заттарды таңбалаудың басталуы фармацевтикалық препараттардың бағасына кері әсер етеді. Өйткені таңбалау процесіне кәсіпкерлер қаражатты өз қалтасынан төлеуге мәжбүр болады.

     Дәріханалардың бірінің иесі Әйгерім Аманбаева дәрілерге таңбалау енгізетін болса, қосымша қаржы керектігін айтады.

     “Біз келісімшартпен жұмыс істейміз. Салық төлейміз. Жалға алу ақысын, еңбекақы төлейміз. Енді таңбалау енгізетін болсақ, бізге қосымша қаржы керек болады. Таңбалау кішігірім бизнеске өте қиын", - дейді ол.

      Дәрілік заттарды таңбалаудың енгізілуі отандық өндірушілерге де оңай соқпайын деп тұр. 

      “Таңбалауға қажет ең арзан құрал-жабдық 100 мың доллардан басталады. Одан кейін оларға 30 мың долларға дейін бағдарлама керек. "Қазақтелекомның" бағдарламасы мен өндірістің бағдарламасын жүйелендіру үшін... Жылына 2 млн рубльге дейін отандық өндірушілер тағы төлейді", - дейді "Қазақстанның фарммединдустриясы" қауымдастығының атқарушы директоры Гүлдария Манақбаева.

     Дәріхана иелері мен отандық өндірушілер дәрілік заттарды таңбалау процесін жетілдіру керек екенін айтады. Әйтпесе, дәрі-дәрмектің бағасы алдағы уақытта 2 есеге өсуі мүмкін екен.

     https://kyn.kz/