Елімізде аграрлы сала ең төменгі көрсеткішке ие

Елімізде аграрлы сала ең төменгі көрсеткішке ие
фото: https://nazarmedia.kz

Елімізде азық-түлік қауіпсіздігі туралы заң жобасы қабылдануы қажет. Бұл туралы Мәжіліс депутаты Анас Баққожаев бастама көтерді.

«Экономиканың өсу қарқыны бойынша аграрлы сала ең төменгі көрсеткішке ие. 2005 жылдан бері ауыл шаруашылығы бойынша қабылданған бірде-бір мемлекеттік бағдарламала соңына дейін іске аспаған. Аграрлы саясаттың тұрақсыздығы соншалық, соңғы 20 жылда субсидия беру ережелері 57 рет өзгерген. Нәтижесінде ауыл шаруашылығы сыбайлас жемқорлық қатері жоғары салалардың қатарына кірді», — деді депутат Мәжілістің жалпы отырысында.

Оның айтуынша, соңғы 10 жылда дүкен сөрелеріндегі импорттық тауарлар үлесі 3 есе өскен. Қанша бағдарлама жасалса да, елдегі қайта өңдеу кәсіпорындардың нақты өндіріс қуаты 30 пайыздан асқан емес. Оған қоса, бірқатар экспорттық бағыттарды еліміз уысынан шығарып алды.

«Баға саясаты фермерлердің емес, алыпсатарлардың қолында. Олардың пайдасы шаруаларға қарағанда 4 есе көп. Ауыл адамдарының несібесін базар қақпасын торлаған делдалдар алып жүр. Базарларда мал шаруашылығы өнімдерін тексеретін ветеринариялық-санитариялық зертханалар жеке-меншіктің қолында болған соң, олардың сапасы шала тексеріледі. Мұндағы ең өкініштісі — соңғы 5 жылда жаздағы құрғақшылық пен қыс мезгіліндегі мал жұты қалыпты жағдайға айналды. Осындай жағдайда тұрақты көмектесетін жүйе жоқ», — деді ол.

Сонымен бірге, электр энергиясы, жылу мен коммуналдық тарифтердің өсуі талай жобалардың дамуына кедергі келтірген.

«Соңғы жылдары агросалаға жеке инвестициялар әлсін-әлсін келе бастаған еді, жаңа бизнесмендер осындай тұрақсыздықты көріп, ауыл шаруашылығынан ат-тонын ала қашты. Көптеген шаруашылықтар сатылып жатыр. Мұның бәрі азық-түлік қауіпсіздігіне арналған арнайы заңның жоқтығынан болып отыр. „Ауыл“ партиясы азық-түлік қауіпсіздігі туралы заң жобасын әзірлеп, Үкіметтің қарауына жіберген болатын. Алайда тиісті қолдау таппады. Осыған байланысты „Ауыл“ фракциясының депутаттары азық-түлік қауіпсіздігі туралы заң жобасы Үкімет деңгейінде қайта қаралып, пысықталуын талап етеді», — деді А. Баққожаев.

https://kaz.inform.kz/