фото: https://pixabay.com/ru/
Шымкентте жылан көбейді. Осылай деп дабыл қаққан тұрғындар құтқарушыларды жиі шақыратын болған. Адамдар бауырымен жорғалаушыларды аулалардан жиі кездестіре бастапты. Олардың арасында адамға шабуыл жасаған жәндіктер де кездескен.
Қарасу шағын ауданының тұрғыны Бахтияр Атамұратов бірнеше күн бұрын үй маңынан жылан көргенін айтады. Сөзінше, кейінгі уақытта өзі де көршілері де бауырымен жорғалаушыларды жиі байқаған. Жыландар адамдардан қорықпай, емін-еркін жүреді деген тұрғын қауіпті жәндіктің көбейгенінен қорқып, балалары мен немерелерін аулаға ойнауға шығарудан қалдық дейді.
Бахтияр Атамұратов, Шымкент қаласының тұрғыны: - Мен жақында мазаратқа барған едім, сол жақта өз көзіммен көрдім. Көршілерім де көріпті, - дейді ол.
Қайдан шығып жатыр? Күннің ыстығынан жер қызып, жәндіктер жер бетіне шығып кетті дегенді айтады.
Жергілікті ақ халаттылардың сөзінше, жыл басынан бері 4 адамды жылан шағып ауруханаға түскен. Қауіпті жәндік науқастардың аяғынан шаққан.
Асылхан Мыңбосынов, токсикология бөлімінің меңгерушісі: «Көбінесе бізге келіп түсетін науқастардың 90-95 пайызын жыландар аяғынан шаққан. Адамдар жүріп бара жатып жорғалаушыларды байқамай қалады. Жылан шаққан кезде ол адамды аяғын сәл биіктеу қойып жатқызу керек. Жыланның уыты тарамасын деп ол жерді ауызбен сорып тастауға болмайды. Пышақпен кесіп күйдіруге де болмайды».
Жыланның көбейгенін құтқарушылар да жасырмайды. Себебі жыл басынан бері бауырымен жорғалаушыны көрдік деп 130-ға жуық тұрғын қоңырау шалған. Қауіпті жәндік әсіресе шөбі мол, тасы көп жер үйлердің ауласында кездесетін көрінеді.
Рахымжан Бекенбаев, Шымкент қаласы бойыншаи жедел-құтқару жасағы құтқару бөлімшесінің басшысы: «Жыл басынан бері 125 рет жылан оқиғасына қатысты шақырту түскен. Оның 78-інде жыландар ұсталып, қауіпсіз жерге жіберілген. Бұл көрсеткіш 2023 жылы 138 рет орын алған екен. Жәндіктер Забадам, Сәуле, Азат, Самал, Қайнарбұлақ саяжайы, Тельман бөлімшесі тағы басқа шағынаудандарында көптеп кездескен».
Мамандар ұсталған жыландардың ішінде улы түрлері де бар екенін айтады. Сол себепті, үйден немесе ауладан жылан көріп қалған жағдайда бірден 112 нөміріне қоңырау шалу қажет. Сондай-ақ, ауланы ретке келтіріп, үйілген тастарды, ағашты және басқа қоқыстарды алып тастап, ауланы таза ұстау керек.
ҚазАқпарат
Пікірлер
Комментарий қалдыру үшін порталға тіркеліңіз немесе кіріңіз
Авторизация через