фото: pixabay.com
Баяғы бір заманда, құмдары желмен араласып, аспаны жермен жалғасып жататын алыс елде бір данышпан өмір сүріпті. Ол заттардың сыртқы түр-түсін ғана емес, оның қзегін, жүрегін де көре білген. Осындай қасиетінің арқасында есімі туған қаласына ғана, өзге өңірде тұратын жат жұрттықтарға да кең танылыпты.
Бірде данышпанға жүрегі күмән мен қорқынышқа толы жас жігіт келеді. Ол қариядан: "Мен бақытқа қалай жол таба аламын? Ойым түпсіз тұңғиыққа батып кеткен секілді. Шым-шытырық ойдан арыла алмай жүрмін, жол нұсқайтын сәуле көзіме түсер емес» деп ағынан жарылады.
Данышпан жас жігітке күлімсіреп, артынан ілесуді ұсынады. Олар бір сәтке де тоқтамай, үнсіз жүріп отырып, сарылдап ағып жатқан өзен жағасына барады. Данышпан жас жігіттен суға қарауды өтінеді де: "Судың жолындағы тастар мен кедергілерді айналып өтіп, қалай ағып жатқанына қара. Осылай жылжып ағып көлге, теңізге де жетеді. Сенің ойларың да солай — олар өзен сияқты тоқтаусыз ағып жатыр, бірақ сен сол ойлардың шырмауында қалмауың керек. Еркіңнен тыс келіп жатқан ойларды еркіне жібер, еш алаңдама. Уайымға берілме, тыныштық сақта, жүрегіңнің лүпілін тыңда, жаныға жайлы нәрсені ізде. Сонда ғана өз жолыңды, бақытыңды адаспай табасың» дейді.
Жас жігіт суға қарайды. Күн сәулесінің сй бетінде шағылысып жатқанын көріп, бірте-бірте мазасыз ойдан арыла бастайды. Денесі жеңілденіп, ішкі дүниесі тазарғандай сезінеді. Ол жүрегінің жай тапқанын сезеді. Данышпан сөзін жалғастырды: "Өзен мұхиттың бір бөлігі болудан қорықпайтыны сияқты, сен де болмыстың шексіздігінде еріп кетуден қорықпауың керек. Сенің бақытың жауап іздеп шапқылауда емес, өмір ағымын сол күйінде қабылдауда жатыр.»
Бұл кездесу жас жігіттің өмірін өзгертті. Осы әңгімеден кейін өмір сүруді, өмірді, айналасындағы тірлікті сол күйінде қабылдауды үйренді. Су сияқты түрлі кедергілерді айналып өтіп, үлкен теңізге жетуге ұмтыла бастады. Әр жетістігіне қуана білді.
Кейде мақсатқа жету үшін көп ойланып, уайымға берілудің қажеті жоқ. Түсінген жанға болмашы жетістікке арқаланып, алға қарай ұмтыла білудің өзі ерлік.
Пікірлер
Комментарий қалдыру үшін порталға тіркеліңіз немесе кіріңіз
Авторизация через