фото: www.labirint.
Мырзагелді Кемел. «Ақыл қалта»
Испанның ұлы жазушысы Бальтасар Грасиан лайықты өмір сүрудің тәсілдерін зерттеп, кейінгіге мәңгі мұра боларлық ақыл кітабын қалдырған. Кітап бұдан үш жарым ғасыр бұрын жазылғанына қарамастан бүгінгі күнге үндес. Себебі барлық дәуір, барлық ортада адамгершілік қағидалары бірдей. Кітап көп елдердің тілдерінде бірнеше қайтара жарық көрген. Ол әлемдік пәлсапаның інжу-маржандарының бірі.
АҚЫЛ ҚАЛТА немесе парасат сабағы, мұнда Лоренсо Грасианның шығармаларынан алынған нақылдар жиналған
1. ҚАЗІР БӘРІ ЖЕТІЛГЕН. ӘСІРЕСЕ - ЖЕКЕ ТҰЛҒА. Ежелгінің жеті данасымен* салыстырғанда, қазіргінің бір данышпанынан көп нәрсе талап етіледі және бір кездегі тұтас халықпен дұрыс қатынаста болудан бүгінгі бір адаммен қалыпты араласу көп шеберлікті қажет етеді. /*Ежелгінің жеті данасы деп Фалес, Питтак, Солон, Клеобул, Периандр, Хилон, Биант алынған/.
2. МІНЕЗ БЕН МӘДЕНИЕТ - бойдағы бар абырой айқын көрінетін екі негіз. Бірінсіз бірінің орны толмайды. Білім аздық етеді - дарын керек. Бірақ наданның соры сол, ол өмірдегі бейімділігін, айналысар ісін, туған өлкедегі, достарының арасындағы алатын орнын білмейді.
3. ЖАСЫРЫН ӘРЕКЕТ ЕТУ. Күтілмеген жағдай - табыс кепілі. Ашық ойыннан пайда да, қуаныш та болмайды. Өз ниетіңді білдірмесең қызығушылық тудырасың, әсіресе бұл жоғары дәрежедегі адамдарға қатысты. Тіпті түсінікті болғың келген кездің өзінде, сырыңды жайып салуға асықпа және көлденең көк аттыға өзіңнің жан дүниеңе кіруге мүмкіндік берме. Үнсіз ұстамдылық - ізгілік ордасы. Ниетіңді жариялау оны тұншықтырғанмен бірдей: онда одан күні бұрын кемшіліктер табады, ал сәтсіздікке ұшыраса екі есе бақытсыз боласың. Сонымен, өзіңе әрдайым көп көңіл бөлінсін десең, өз әрекетіңде кемелдікке ұмтыл.
4. ДАНАЛЫҚ ПЕН АЙБЫН - ҰЛЫЛЫҚ НЕГІЗІ. Аты өлмейтіндер өшпес істер сыйлайды. Адам қаншалықты көп білсе адамдығы соншалықты болмақ; көп білетін адам құдыретті. Надан үшін дүние -қараңғы түнек. Ақыл мен күш - көз бен қол; қажыр-қайратсыз даналық жеміссіз ағаш сияқты.
5. СЕНІ ҚАЖЕТ ЕТСІН: Табынатын адамды мүсінші емес, оны құдайындай көретін адам жасайды. Саған алғыс айтқаннан гөрі, сенен өтінсін. Оңбаған ризашылыққа сену - ізгі үмітті жоғалту: алғашқы тез ұмтылады, соңғысы есте сақталады. Сыпайыларға қарағанда тәуелділер пайдалырақ: шөлін қандырған соң бұлақты елемейді, сөлін сығып алған апельсинді лақтырып тастайды. Мұқтаждық біткенде достық, онымен бірге қызмет те бітеді. Өзіңе деген мұқтаждықты сақтап отыру, оны толық қанағаттандырмау сенің күнделікті бірінші ережең болсын, сені үнемі қажет етсін. Бірақ тым тұйықтықпен жақын адамыңды адасуға мәжбүр етіп, оған өз игілігің үшін жамандық жасамаған жөн.
6. АДАМНЫҢ ТОЛЫСУЫ. Адам бірден кемеліне келіп тумайды, бірақ күннен күнге жеке басын жетілдіріп, өз ісінде шеберлік шыңына өрмелей отырып, ол лайықтылық пен артықшылықтың жоғары сатысына көтеріледі, бұл талғамның нәзіктенуінен, ақылдың сұңғылалығынан, пайымдаудың тереңдігінен, тілектердің мүлтіксіздігінен көрінеді. Бәз біреулер толысуға қол жеткізе алмай-ақ қояды, оларға әрқашан бірдеңе жетіспей тұрады; ал кейбіреулер оған кеш жетеді. Сөзі дана, ісі ізгі, кемел кісіні әрдайым парасатты адамдар құшақ жая қарсы алады, олар онымен тіл табысуды аңсайды.
7. ЖОҒАРЫДА ТҰРҒАНДЫ ЖЕҢУДЕН САҚТАНУ. Жеңу дегеніміз -өзіңе жек көру туғызу, ал өз мырзаңды жеңу жөнсіз, тіпті қауіпті нәрсе. Өзінен басым болғанды ешкім ұнатпайды, әсіресе мәртебелі адамдар. Өз басымдығыңды қажет кезінде, әдемілікті нашар киіммен жасырғандай көрсетпеуге болады. Көп адамдар, әсіресе осы дүниенің мықтылары ақылдан басқа сәттілікке, кез келген дарынға қатысты өзгелерге жол беруге ықыласпен келіседі: ақыл бар дарынның үстінен салтанат құрады, оны аз ғана ренжіту - оның ұлылығын қорлағанмен бірдей. Кім биікте тұрса, одан да жоғарырақтан үстемдік еткісі келеді. Олардың мәртебесі басымдық емес, көмек тілейді; өздеріне берілген кеңес оларға түсініксіз нәрсені түсіндіру түрінде емес, ұмытылғанды еске түсіру ретінде айтылса ғана ұнайды. Жұлдыздар бізге көрнекі сабақ береді: күннің сәулелі перзенттері ешқашан оның шұғыласын қалқаламайды.
8. ӨЗ ҚҰШТАРЛЫҚТАРЫНА ИЕ БОЛУ - РУХТЫҢ ЖОҒАРЫ ҰЛЫЛЫҒЫНЫҢ ҚАСИЕТІ. Мұның өзі рухты оған лайық емес төмен қылықтардан сақтайды. Өзіңе өзің ие болғаннан, өз құштарлықтарыңды бағындырғаннан артық жоғары билік жоқ. Дегенмен құштарлық бойды билеп алса, оған дәрежеге жетуге жол бермеу керек: міне қамықпаудың оңай тәсілі, міне ізгі даңққа апарар қысқа жол.
9. ӨЗ ЖЕРЛЕСТЕРІҢЕ ТӘН КЕМШІЛІКТЕРДЕН АРЫЛУ. Су өзі ағатын топырақтың қасиетін өзіне жұттырып, ащы немесе тұщы болуы мүмкін, ал адамның өзі туылған ортаға байланысты жақсы не нашар қасиеттері болады. Біреулер игі ниетті аспан астында туғандықтан да басқаларға қарағанда отанына көбірек қарыздар. Әрбір халыққа, тіпті ол білімдар өнегелі болса да, қайсыбір табиғи кемшілік тән; көршілері оны әдетте әжуалай немесе табалай көрсетеді. Бұл кемшіліктен арылу немесе оны жасыру оңай шаруа емес: мұндай адамның өз жерлестері арасында өзгешелігімен даңқы шығады, ал не сирек болса, сол қымбат. Сондай-ақ, тектік, тектік-таптық, лауазымдық, жасқа байланысты кемшіліктер болады, егер осылардың бәрі жиылып, ал адам олардан құтылуға тырыспаса, онда ол кісі төзгісіз құбыжыққа айналады.
10. БАҚЫТ ПЕН ДАҢҚ. Алғашқысы қаншалықты тұрақсыз болса, соңғысы соншалықты өзгермейтін болып келеді. Бақыт осы өмірде, даңқ өлгеннен кейін келеді, біріншісі көре алмаушылықты, екіншісі ізсіз жоғалуды жеңеді. Бақытты тілейді, кейде оған қол жеткізеді; даңққа еңбек сіңіреді. Ізгі даңқты аңсауды қажыр-қайрат тудырады. Даңқ әрдайым ұлылардың еншісінде болып келді және бола береді, ол кереғарлықтың серігі: ғажайып немесе құбыжық, тамсандырады, не, жүрек айнытады.
https://qazradio.fm/kz
Пікірлер
Комментарий қалдыру үшін порталға тіркеліңіз немесе кіріңіз
Авторизация через