АҚШ ғалымдары қазақтар туралы не жазды

АҚШ ғалымдары қазақтар туралы не жазды
фото: pixabay.com

АҚШ-тан «Қазақтар» деп аталған қолжазба табылды. Бұл туралы "Сапалы Қазақстан" порталы 24kz-ке сілтеме жасап хабарлайды.

 Бұдан да басқа бірқатар дерек бар. Олардың басым көпшілігі 70 жыл бұрын жарық көрген. Бірақ одан арғы ерте замандағы қазақ тарихына қатысты дүниелер. 

АҚШ ғалымдарының жазбалары қазақтың аумалы-төкпелі кезеңдердегі өмірінен мағлұмат берілген. Тарихи мұраны тапқан Америкада жүрген жерлесіміз, бұған дейін де қазақ тарихы жөнінде сүбелі дүниелер берген зерттеуші Дүйсенәлі Әлімақын. Отандасымыз   ұлт тарихына қатысы бар бірнеше диссертация тапты. Оның бірін 1960 жылы АҚШ-та Мұхтар Әуезовпен жолыққан америкалық антрополог ғалым Лоуренс Крейдер жазған. 

Дүйсенәлі Әлімақын, зерттеуші, журналист: - Біз аштықты 1932-33 жылдары болды деп білеміз, бірақ арғы жағындағы 1733 жылғы аштық көп айтылмайды. Мысалы 1732 жылы қазақ даласында «Ақтабан шұбырынды, Алқакөл сұлама» болды, бірақ келесі жылы аштық болған болып тұр. Осы диссертациялардың бәрі Америкадағы ең үлкен университеттерде қорғалған. Мысалы Джорджтаун университетінде, мысалы Йель университетінде, Гарвард университетінде, Индиана университетінде. Біз негізінен өзіміздің қазанымызда өзіміз қайнап келе жатқан халықпыз. Бірақ біздің мәдениетімізді, тарихымызды басқа халықтарға таныстыру үшін осындай ғылыми еңбектер қажет. 

Халқымыздың тағдыры боямасыз суреттелген жазбалардан мүлікті тәркілеу жылдарындағы нақты статистикаларды да кездестіруге болады. Еліміздің ұлт болып қалыптасу кезеңдері, Ислам дінін қабылдауы, түркі халықтарының тілдік туыстығы, тіпті эпостық жырлардың түпкі көшірмелері де түбегейлі қамтылған. 

Дүйсенәлі Әлімақын, зерттеуші, журналист: - Шыны керек, біздің тарихымыз, мәдениетіміз туралы зерттеулердің көбі орысша деректерге негізделген. Қазір кез келген қазақ ғалымымен сөйлессең, «орысша айтқанда», «орыс ғалымының мына жазбасында айтқанда» деген сияқты деректер келтіреді. Ал бізді батыс ғалымдары да, америкалық ғалымдар да осыдан 150 жыл бұрын, тіпті одан да ары уақытта зерттеген екен. Мысалы еуропалық жазбаларда қазақты «қазғақ» деп береді, француздар «қазғақ» деп береді, немістер «кыргыз-кайсак» деп береді, ал америкалықтар «казакс» деп береді. Осы деректердің бәрін жинап, біз тарихи оқулықтар құрастыруға немесе зерттелмей жатқан тарихи ақтаңдақтарымызды толтыруға әбден болады. 

Мұхиттың арғы жағынан табылған ғылыми еңбектердің бірінің тақырыбы «Қазақтар» деп аталады. Ол да 1952 жылы Вашингтондағы беделді Джорджтаун университетінде қорғалған. Шетелдегі отандасымыз енді шекарасы шектеспесе де, шежірелі тарихымыздан терең сыр шерткен АҚШ-тан әлі де көп дүние табылатын түрі бар. «Ал бұл дүниелер Қазақстан тарихына жаңаша қарауға мүмкіндік», - деп санайды зертетуші.