Ағайын арасындағы қақтығысты қалай шешуге болады?

Ағайын арасындағы қақтығысты қалай шешуге болады?
фото: https://www.istockphoto.com/

       Әрбір ата-ана өз перзенттерінің береке-бірлігін көргісі келеді, армандайды. Бірақ, күнделікті өмірде оның орнына бітіспес дау-жанжал көбірек көрініс береді. Бұл ата-ана үшін қиын жағдай. Не төрелік айта алмайды, не кімдікі дұрыс, кімдікі бұрыс екенін түсінбейді. 

       Расында, ағалы-қарындастардың бітпейтін дау-дамайы – көптеген ата-аналардың мәселесі. Кейбірі үшін тіпті жұмбақ тақырып. Сонда да, бүгін осы жұмбақтың жауабын шешуге және мәселенің шешімін іздеуге талпынып көрейік.

       Екі бірдей ұлдың төбелесін не әпкелі-сіңлілердің ұрсып қалуын түсінуге болар. Ал ағалы-қарындастар неге қақтығыса береді? 

       Ең алдымен, ағалық-әпкелік қақтығыстар қалыпты жағдай екенін түсінуіміз керек. Бұл балалардағы жеке шекарасын белгілеудің бір жолы. Сонымен қатар өзін-өзі қалыптастыру және әлеуметтену процесі. 

Ең көп кездесетін себептер мыналар: 

* Ата-ананың назарына талас. Ағайындылар көбінесе ата-анасының назарына таласады, өзіне аудару үшін жарысады. Бұл, әсіресе, отбасында өзінен кіші бала пайда болғанда өршиді. 

* Жеке кеңістіктің болмауы. Бір-бірінің кеңістігін бұзу да біраз даудың басы болады. Яғни, заттарын қолдану, реттеп қойған жерін қайта шашып кету деген сияқты жайттар. 

* Қызығушылықтар мен мінез-құлқының әртүрлі болуы. Әр бала – қайталанбас ерекше тұлға. Бауыр ретінде бір-біріне ұқсауы мүмкін, алайда, олар бірдей емес. Әсіресе, жынысы екі түрлі болса, айырмашылықтары жер мен көктей болады. Мінездері қандай әртүрлі болса, қызығушылық, көзқарас, пікірлері де солай. Бір-бірімен келіспеу, кейбір мінез-қылықтарын жақтырмау, бір іске бастары бірікпеу осыдан туындайды. Балалар мен жасөспірімдер мұндай келіспеушілік, ұнатпаушылық болған жағдайда өздерін қалай ұстау керегін білмейді. Бетперде кимей, қарсылығын қалай бар – солай ашық көрсетеді. 

* Отбасылық орта. Егер ата-анасының, олар мен ата-әжесінің, т.б. туыстарының арасында үнемі келіспеушілік пен жанжал болса, балалар осындай қарым-қаптынасты қалыпты деп қабылдауы мүмкін.

Қандай шешімі бар? 

Ұл мен қызыңыз ұдайы жанжалдаса беретін болса, оны азайтуға және қарым-қатынастың тиімді түрлерін енгізуге көмектесетін бірнеше әдіс бар: 

* Балаларға қақтығыстарды шешу дағдыларын үйрету. Бірден айқайға баспай, бір-бірін тыңдауға, өз сезімдерін зорлық-зомбылықсыз білдіруге және ымыраға келу шешімдерін бірге іздеуге болатынын түсіндіріңіз. Өзіңіз үшінші адам болып қосылып, осы әрекеттерді бірге жүзеге асырыңыздар. 

* Шекаралар мен ережелерді белгілеңіз. Балаларға нақты шекаралар қойыңыз. Мәселен, «Бір-біріңе дауыс көтеруге болмайды», «Ұрып-соғуға мүлде рұқсат жоқ», «Мына заттар екеуіңе ортақ, ал мынау – жеке бұйым, бір-біріңнің затыңа тиіспеңдер», «Ағаңның жасап қойған затын көргің келсе, өзінен рұқсат сұра», «Әпкеңнің пісірген тәттісін жегің келсе, алдымен рұқсат сұра», т.б. Шекара не ереже бұзылған жағдайда қандай жаза тартылатынын да алдын ала нақтылап белгілеп алыңыздар. Тек ұрып-соғу, айқайлап ұрсу, намысына тиетін сөздер айтып кемсіту сияқты жазаларды қолданып жүрмеңіз. 

* Олардың даралығын құрметтеңіз. Әрбір баланың бірегей екенін және өз қызығушылықтары, қалаулары мен стилі бар екенін мойындаңыз. Әрқайсына соған қарай қатынас жасаңыз. 

Аға мен қарындас немесе әпке мен інінің арасындағы достықты қалай құруға болады? Оларға тек ағайынды ғана емес, жақсы дос болуға көмектесу үшін келесі әрекеттерді орындасаңыз болады: 

* Бірлескен әрекеттер жасату. Ортақ қызығушылықтар мен естеліктер бауырларды бір-біріне жақындата алады. 

* Балаларды эмпатияға үйрету. Бір-бірінің сезімін және көзқарасын түсінуге тырысу керегін ұқтырыңыз және соған көмектесіңіз. 

* Балаларыңызды салыстырмаңыз. Салыстыру өзін төмен санау сезімін тудыруы және бәсекелестікті арттыруы мүмкін. 

* Жақсы жақтарын мақап-мадақтаңыз. Екеуінің де дұрыс жасаған ісін, қабілеттерін, қасиеттерін, бір-біріне жақсы көзқарасын, т.б. ризашылық туғызатын, мақтауға лайық не бар – соның бәріне акцент қойып, назарға алып отырыңыз. 

* Алғыс айтқызыңыз. Бір-бірі үшін жасаған қандай да бір жақсы ісі үшін рақметін айтқызыңыз. Оның қайтарымын қалай қайтара алатыны жайында ым-ишарат білдіріңіз. 

Әрбір бала және әрбір отбасы бірегей екенін есте сақтаңыз. Бір отбасы үшін жұмыс істейтін нәрсе екіншісі үшін сәйкес келмеуі мүмкін. Ең бастысы – балалармен жақын болу, оларды тыңдау және сезімдері мен қажеттіліктерін түсіну.

https://ernur.kz/