Ұлытау облысында мүмкіндігі шектеулі азаматтарға арналған орталық ашылды

Ұлытау облысында мүмкіндігі шектеулі азаматтарға арналған орталық ашылды
фото: Ұлытау облысы әкімдігінің баспасөз қызметі

     Ұлытау облысында мүмкіндігі шектеулі азаматтарға арналған орталық ашылды.

     Облыс әкімдігі баспасөз қызметінің мәліметінше, орталық 18-30 жас аралығындағы ерекше күтімді қажет ететін жандарға арналған. 30 орындық мекемеде қазір 17 азамат бар. Ұлытау облысының әкімдігі мен «Қазақмыс» корпорациясы арасындағы әлеуметтік әріптестік туралы меморандум аясында іске асқан жобаға «Қазақстан халқына» қоры мен жергілікті кәсіпкерлер де қосымша қолдау көрсетті.

     Ашылу рәсіміне арнайы қатысқан облыс әкімі Берік Әбдіғалиұлы алдағы уақытта мекеменің әлі де қажетті жабдықтармен қамтамасыз етілетінін жеткізді.

Мүмкіндігі шектеулі балаларды тәрбиелеуде ауыр сынақтармен бетпе-бет келіп жүрген ата-аналардың уақытына құрметпен қарау, ерекше күтімді қажет ететін азаматтарды қоғамға бейімдеу жолында орталықтың тигізер пайдасы зор. Ғимараттың жайлы орында болуын, аумағы кең болуын ескеріп, осы 400 шаршы метр болатын қос қабатты нысанды 2022 жылы сатып алып, ата-аналардың ұзақ жылдан бергі арманын орындауды жөн санадық. Осы жылдың басында орталыққа келетін жандарды тасымалдау үшін 8 орындық инватакси алынған болатын. Игі істің басынан табылған жанашыр кәсіпкерлерге алғысымызды білдіреміз, – деді өңір басшысы өз сөзінде.

Жаңа орталық Жезқазған қаласының Тимирязев көшесі, 2 мекенжайында орналасқан. Ол жерде жатын бөлмелері, тамақтануға арналған орын, мүгедектерге арналған жуынатын жер, дәрігерге дейінгі медициналық көмек пен психологиялық кеңес беру бөлмелері, еңбекке баулу және музыка кабинеті, ойын бөлмелері, жаттығу залы және массаж бөлмелері бар.

Айта кетсек, мүмкіндігі шектеулі азаматтарға арналған орталықта үш мезгіл тамақ беріледі.

Сонымен қатар, Жезқазған қаласында қазір 3 жастан 18 жасқа дейінгі ерекше күтімді қажет ететін балаларға «Талап» қоғамдық қайырымдылық қорының «Аялы алақан» орталығы жұмыс істейді.

https://halyq-uni.kz/