Қазақтың ұлттық киімі Лондон жұртшылығын тәнті етті

Қазақтың ұлттық киімі Лондон жұртшылығын тәнті етті
фото: Sputnik / Тимур Батыршин

Лондонда 17 мемлекет өкілінің салт-дәстүрлері мен мәдениеті паш етілген шара болып өтті. Шетелдік көрермен назарына қазақтың ұлттық киімдері де ұсынылды. Көрсетілімге Қазақстанның Ұлыбританиядағы елшілігінің және «Қазфэшн Париж» француз қауымдастығының қолдауымен ақтөбелік дизайнер де қатысты, деп хабарлайды Kazinform-ның осы елдегі меншікті тілшісі Ғалымжан Қараманұлы.

сән

Фото: Tumurtogtokh Davaakhuu

Сабина Наурызалина 15 жылға жуық уақыттан бері ұлттық киім тігумен айналысады. Өз өнімдерін 2 чемоданға салып, Ақтөбеден Лондонға жалғыз келген.

Әшекей бұйымдары мен сәнді сөмкелерін қоса есептегенде қолмен кестелеп тігілген әр көйлегінің салмағы әжептәуір.

Қалыңдық сәукелесінің өзі 6 килограмм тартады. Шетелдік көрерменге ұсынған топтамасы «Наурыз» деп аталады.

дизайнер

Фото: Tumurtogtokh Davaakhuu

Ұлттық киімдерден бөлек күнделікті өмірде киюге арналған сәнді көйлектері де бар.

«Батысқазақстандық ұлттық киімдердің басты ерекшелігі, әлбетте, оюларында. Гүл формасындағы суреттер көптеп кездеседі. Қанық қою түстер де ерекше әр беріп тұр. Әр костюмге сәйкесінше әшекей бұйымдарды да таңдадық. Қыз баланың ажарын аша түсетін сырға, өрілген бұрымның ұшын бекіту үшін тағылатын шашбауы да бар», — дейді дизайнер Сабина Наурызалина.

сән

Фото: Tumurtogtokh Davaakhuu

Әр елдің салты басқа… Қазақстаннан бөлек Еуропа, Азия, Африка елдерінің өкілдері ұлттық киімдер киіп, көпшілікті таң қалдырып жатыр.

Кенияның саванналарында тұратын жартылай көшпелі африкалық байырғы халықтың да айтары бар.

Масаи тайпасының өкілі әшекей бұйымымыз қаншалықты көп болса, соншалықты бай екеніміз білінеді дейді.

киім

Фото: Tumurtogtokh Davaakhuu

«Бұл — салтанатты шараларда, тойларда киетін киіміміз. Сіздердің де ұлттық киімдеріңіз ғажап екен! Әрбір бөлшегіне дейін керемет. Әсіресе, бас киім өте ұнады. Қазақстан туралы аз ғана білемін. Бірақ көкжиегімді кеңейткім келеді. Сіздермен танысқаныма қуаныштымын», — дейді Кения республикасының өкілі Кежиа Ореге.

киім

Фото: Tumurtogtokh Davaakhuu

Көрестіліміге қатысушы мемлекеттердің географиясы әралуан. Босния және Герцеговина, Чехия республикасы, Мексика, Кувейт, Үндістан — барлығы 17 ел. 

Әрқайсысы өз ұлтының мәдениетін паш етуге тырысып бағуда. Өйткені жаһандану заманында бірегейлікті сақтап, ұлт құндылықтарын ұрпақтан ұрпаққа жеткізу маңызды, дейді олар.

Сахнаға Қазақстанның қыз-келіншектері үкілі кәмшат, бүрмелі көйлек киіп шыққанда көрерменнің қошеметі толастамады.

сән

Фото: Tumurtogtokh Davaakhuu

«Бұл — Лондон. Әралуандылықтың салтанат құратын қаласы. Түрлі мәдениеттердің тоғысатын жері. Біздің қазақ халқынан, Қазақстаннан үйренеріміз көп екен. Ұлттық киімдеріңізді әлем астанасында паш ете отырып, елдеріңізге саяхатттауға деген қызығушылығымызды ояттыңыздар. Мен өте ерекше әсерге бөлендім», — дейді сән сарапшысы Тайво Мегоума.

Шараның ұйымдастырушысы «Лондонның жас дипломаттары» атты еріктілерден құралған топ.

Олар 20 жылдан астам уақыттан бері халықаралық ұйымдардағы жас қызметкерлерді біріктіріп, қоғамдық маңызы бар басқосулар өткізіп келеді.

Бүгінгі көрсетілімнің қайырымдылық мақсаты да бар.

дизайнер

Фото: Tumurtogtokh Davaakhuu

«Шарадан түскен ақша екі қайырымдылық ұйымының есепшотына аударылады. Дүкендерден артылған тағамдарды тұрмысы төмен отбасыларға таратумен айналысатын мекемеге және Суданда аштық пен кедейшіліктің зардабын шегіп жатқан балаларға көмектесетін ұйымға жіберіледі», — дейді шараның ұйымдастырушысы Унро Джанчив.

Үзіліс кезінде қайырымдылық жәрмеңкесі де ұйымдастырылды. Әр ел қолөнер бұйымдары мен ұлттық тағамдарын сатып, түскен қаражатты қайырымдылыққа жіберді.

Шара биыл бірінші рет өткізіліп отыр. Болашақта оны жыл сайын ұйымдастыру жоспарда бар.

сән

Фото: Tumurtogtokh Davaakhuu