Қазақстан мен Мысыр рейстер санын үш есеге арттыруға келісті

Қазақстан мен Мысыр рейстер санын үш есеге арттыруға келісті
фото: https://pixabay.com/ru/

Екі елдің авиация билігі Қазақстан мен Мысыр арасындағы рейстер санын үш есеге арттыруға келісті, деп хабарлады көлік министрлігі.

Қазақстандық делегацияны Азаматтық авиация комитетінің төрағасы Салтанат Томпиева, мысырлық тарапты Мысыр авиация министрлігі авиация әкімшілігі әуе көлігі жөніндегі мемлекеттік хатшысының орынбасары Хешам Абдель Басет басқарды.

"Тараптар екі ел арасындағы рұқсат етілген рейстердің жалпы санын аптасына 14-тен 48-ге дейін, сондай-ақ әр тарап үшін рұқсат етілген ұшу орындарын 2-ден 3-ке дейін арттыруға келісті", - делінген хабарламада.

Сонымен қатар авиациялық билік өкілдері тасымалдаушылар санын көбейтуге келісті.

"Қазақстандық тарап Air Astana және SCAT авиакомпанияларымен қатар екі ел арасындағы тұрақты рейстерді орындауға Fly Aystan әуе компаниясын қосты", - деді министрліктегілер.

Мысыр тарапы қазіргі EgyptAir, EgyprAir Cargo және Air Cairo тасымалдаушыларына Red Sea және Nile Air авиакомпанияларын қосты.

Екі елдің әуе компаниялары өзара коммерциялық келісімдер де жасай алады.

ҚазАқпарат