фото: https://bestvietnam.ru
"Маусым басталмай жатып, туристік бағыттарға билет жоқ": Қарабаев қазақстандықтардың шағымына жауап берді.
Парламент мәжілісінің отырысында көлік министрі Марат Қарабаев қазақстандықтардың танымал туристік бағыттарға билеттер жеткіліксіз деген шағымына жауап берді.
Журналистер әлеуметтік желілердегі қазақстандықтардың туристік маусым басталмай жатып танымал бағыттарға пойыз билеттерінің жоқтығын айтып шағымданатынын атап өтті. Олар министрден делдалдардың мәселесі қашан шешілетінін, Алакөл мен Балқашқа билеттің қолжетімділігін сұрады.
"Алакөл бағыты бойынша қосымша пойыздар іске қосылады. 12 пойыз, оның үшеуі кондиционермен жабдықталған тальго пойызы. Ал Балқаш бойынша бізде Астана мен Алматыдан билет бағасы арзандатылған әуе көлігі іске қосылады. Ол субсидияланатын болады", - деді Марат Қарабаев.
Көлік министрлігінің басшысы қосымша жолаушылар вагондарын сатып алу жұмыстары жүргізіліп жатқанын айтты. Мәселен, өткен жылы небәрі 118 вагон алынса, биыл 140 дана сатып алу жоспарланып отыр. Келесі жылы 260 жаңа вагон алу жоспары бар.
"Алакөл мен Балқашқа қосымша пойыздар жіберіледі, жақын арада билеттер сатыла бастайды", - деп түйіндеді Марат Қарабаев.
Көлік министрлігі 27 мамырдан бастап демалыс маусымында еліміздің курорттық аймақтарына, соның ішінде Алакөл мен Балқашқа қатынайтын рейстер мен пойыздар саны артатынын хабарлады.
Stan.kz
Пікірлер
Комментарий қалдыру үшін порталға тіркеліңіз немесе кіріңіз
Авторизация через