Көлігін өтірік техникалық тексеруден өткізгендер 370 мың теңге айыппұл төлейді

Көлігін өтірік техникалық тексеруден өткізгендер 370 мың теңге айыппұл төлейді
фото: pexels.com

Көлік министрлігі автомобилін жалған техникалық тексеруден өткізгендерге айыппұл 100 АЕК-ке дейін ұлғайтылатынын хабарлады. 

Заң жобасы шеңберінде Әкімшілік құқық бұзу туралы кодексте автокөлікті жалған техникалық тексеруден өткізуге айыппұлды 30 айлық есептік көрсеткіштен 100 АЕК-ке (369 200 теңге) дейін ұлғайту көзделген. 

Көлікті жалған техникалық тексеруден өткізудің салдары ақауы бар көліктің жол қозғалысына жіберілуіне мүмкіндік беріп, кейін бұл жол апатына, оның ішінде соңы өлімге ұласатын оқыс оқиғалар деңгейінің өсуіне әкеп соғады.

Мамандардың айтуынша, салынатын айыппұл көлемі жасалған құқық бұзушылықтарға пропорционалды болуы тиіс және бұзушылықтардың одан әрі жасалуының алдын алуы керек.

Әкімшілік жаза қолданылғаннан кейін бір жылдың ішінде қайталап жасалса, техникалық тексеруден өткізетін оператор қызмет көрсету құқығынан 3 жылға дейінгі мерзімге айырылады.

Сондай-ақ аталған заң жобасы шеңберінде автокөлікті техникалық тексеруден өткізетін операторлардың қызметіне қойылатын талаптарды күшейту көзделген.

Жоғарыда аталған өзгертулер мен толықтыруларды енгізу автокөлік құралдарын міндетті техникалық байқаудан өткізу сапасын жақсартуға және жосықсыз техникалық қарап тексеру операторларының санын 2 есеге қысқартуға мүмкіндік береді.

Айта кетерлігі, бүгінгі таңда нарықта 950-қа жуық оператор көлікті техникалық тексеруден өткізу қызметін көрсетеді. 

Дереккөз kaz.inform.kz.