фото: pixabay.com
Қазақстанда француз премьераларының апталығы ұйымдастырылып, одан кейін қазақ тіліндегі француз фильмдері ұсынылады. Францияның Қазақстандағы елшілігінде Қазақстан мен Францияның киноөндіріс саласындағы ынтымақтастығы туралы толығырақ айтылды, деп хабарлады kaz.inform.kz.
– Біз қазан айында француз фильмдері премьераларының апталығын өткізуді жоспарлап отырмыз. Онда ең танымал француз фильмдері қазақстандық көрермен назарына ұсынылады. Премьера аптасынан кейін біз алғаш рет қазақ тіліне дубляждалған француз фильмдерінің көрсетілімін ұйымдастыруды көздеп отырмыз. Біз Франциядағы қазақ фильмдерін қолдауға дайынбыз. Сондай-ақ Францияның ұлттық кинематография және анимация орталығы (CNC) сарапшыларының Қазақстанға жұмыс сапары ұйымдастырылады, - деп хабарлады Францияның Қазақстандағы елшілігі.
Сондай-ақ екі бағыт бойынша тұрақты кездесулер өткізу жоспарланып отыр: бірлескен кино өндірісі және екі жақты кинопрокат.
– Білім беру семинарлары мен қазақстандық мамандарды Францияда оқыту мүмкіндіктері қарастырылып жатыр. Мемлекеттік киноны қолдау орталығымен және сала мамандарымен бірлесе отырып, ең пайдалы бағыттарды анықтауға күш саламыз», - деп нақтылады Францияның Қазақстандағы елшілігі.
Естеріңізге сала кетейік, Қазақстанның Ұлттық кинематографиясын қолдау орталығы мен Францияның Ұлттық кинематография және анимация орталығы Канндағы халықаралық кинофестиваль аясында ынтымақтастық туралы қосымша келісімге қол қойды. Тараптар киноөнімдерін тарату мәселелері бойынша ынтымақтасуға келісті.
Пікірлер
Комментарий қалдыру үшін порталға тіркеліңіз немесе кіріңіз
Авторизация через