фото: https://www.pexels.com/ru
Сенат депутаты Сергей Карплюк енді қазақстандықтар 3,7 млн теңге несие алғысы келсе, жұбайының рұқсаты керегін айтты.
Бүгін Сенаттың жалпы отырысында халықтың шамадан тыс кредит алуын азайтуды көздейтін заң Мәжіліске қайтарылды.
Сенатор құжатқа енгізілген негізгі нормаларға тоқталды.
"Енді ерлі-зайыпты кредит алуды жоспарласа, 3,7 млн теңге несие (1 мың АЕК, 1 – 3 692 теңге) алған жағдайда, екеуінің де келісімі керек. Cондай-ақ кредитті төлеу мерзімін 90 күннен кешіктірсеңіз, онда сізге банк те, микроқаржылық ұйым да несие бермейді. Бұл шаралардың барлығы халықтың шамадан тыс кредит алуын төмендетуге бағытталған", - деді депутат Сергей Карплюк Сенаттың жалпы отырысынан соң.
Сондай-ақ заңға енгізілген түзетулерге қатысты Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі төрағасының орынбасары Олжас Қизатов түсінік берді.
"Біріншіден, сенатор Сергей Карплюк айтқандай, (несиенің сомасын) нормативтік құқықтық акті аясында 1 мың АЕК (1 АЕК – 3 692 мың теңге, 3 млн 692 мың теңге) деңгейінде болуы керек деп анықтадық. Бұл – шамамен 3,7 млн теңге. Біздің ойымызша, бұл сома қандай да бір шұғыл қажеттілікті жабуға жетеді. Оның ішінде медициналық көмек мәселесі де бар.
Екіншіден, 1 мың АЕК-ті неге көрсеттік? Салық кодексі аясында 2025 жылдан бастап "Қазақстанның барлық азаматы 1 мың айлық есептік көрсеткіштен (АЕК) асатын активін табыс декларациясында көрсетуі керек" деген норма күшіне енеді. Оның ішінде шетелдік банктердегі есепшоттарда сақталған қаржы да бар. 1 мың АЕК міндетті түрде декларацияда көрсетілуі керек. Келісім (несиенің сомасы) 1 мың АЕК-тен (3,7 млн теңге) асқанда керек", - деді Қизатов.
Пікірлер
Комментарий қалдыру үшін порталға тіркеліңіз немесе кіріңіз
Авторизация через