фото: Kazinform
«Бурабай» мемлекеттік ұлттық табиғи паркінің ұжымы вандалдардың жартастарда қалдырған жазулары мен суреттерін тазартуды бастады.
«Қазіргі таңда Бурабай көлінің жағасындағы барлық жартастарда, сондай-ақ Жұмбақтаста келушілердің «қолтаңбасы» қалған. Бояулардың көбі бірнеше қабаттан тұрады, қалыңдығы 1 см-ге дейін жетеді, өшіру қиын. Сарапшылардың пікірінше, тау-тастарды толық тазалап шығуға бір жыл уақыт кетеді дейді. Жартастарға жазу жазып, граффити салу бұл нағыз вандализм екенін түсіндіру керек. Вандалдардың әрекеті Ұлттық парктің табиғи ландшафтының келбетін бұзады, сондай-ақ тау-тастарға орны толмас зиян келтіреді. Жартасқа бояу жағуға бірнеше секунд жеткілікті, ал тазарту үшін көптеген сағат жұмыс істеуге тура келеді. 10 шаршы сантиметрлік бір әріпті өшіру үшін жағылған бояудың құрамы мен қалыңдығына байланысты 30-50 минут қажет. Ұлттық паркте адамдардың қашау немесе басқа да құралдарды қолданып жазуларды өз бетінше қолмен өшіруіне тыйым салынғанын атап өткен жөн. Себебі бұл тастың беткі қабатын жұқартып, бұзылуына әкеп соғуы мүмкін. Сондай-ақ, әртүрлі бояу еріткіштер қоршаған ортаға, әсіресе көлдің биоалуандығына теріс әсер етеді», — дейді «Бурабай» МҰТП орманшысы Қайырбай Балтабаев.
Жартастарды тазарту үшін Ұлттық парк қоршаған ортаға зияны аз, құрғақ ағынды вакуумды өңдеу арқылы жартастарды тазартатын арнайы құрал сатып алған.
«Бұл жұмсақ әрі экологиялық тазарту әдісінің тау жыныстарының беткі қабатына әсері аз. „Бурабай“ МҰТП қолданатын технологияда жоғары қысымсыз, аз абразивті болып саналады. Жаңа технология вакуум мен арнайы түйіршіктерді қолдануға негізделген. Тастың беті герметикалық түрде бекітілген реактивті сорғыш арқылы тазартылады. Дәл әрі жылдам бағытталатын абразив тастың бетін зақымдамайды, кір мен бояуды ғана кетіреді», — деп түсіндірді «Бурабай» МҰТП инженер-экологі Маржан Абдрахманова.
«Экологиялық вахтаны» бірінші болып Бурабай орман шаруашылығының инспекторлары бастап отыр. Олар Бөлектау, Көкшетау, Жеке батыр тауларының ең көп ластанған, туристер жиі баратын жерлерін тазалайды.
«Бурабайдың символы — Жұмбақтасты тазарту қыс мезгіліне, көл бетіне мұз қатқан уақытта жүргізілетін болды. Жартастарды тазарту парк қызметкерлері үшін ерекше маңызды жұмыс болып отыр. Экологиялық бастамаға туристер де атсалысады деген үміт бар. Біз Ұлттық парк қонақтарынан табиғат аясында демалуға жауапкершілікпен қарауды, қоршаған ортаны аялауды, жартастағы вандализмге жол бермеуді, мұндай оқиға туралы бізге хабарлауды сұраймыз. Сұлу табиғатты сақтау, оған қамқорлықпен қарау бәріміздің ортақ борышымыз», - дейді орманшы Қайырбай Балтабаев.
https://kaz.inform.kz/
Пікірлер
Комментарий қалдыру үшін порталға тіркеліңіз немесе кіріңіз
Авторизация через