Бизнес иелерін негізсіз қылмыстық қудалаудан қорғайтын құжатқа қол қойылды

Бизнес иелерін негізсіз қылмыстық қудалаудан қорғайтын құжатқа қол қойылды
фото: https://taulik.kz/tag/seuir/

       Экономикалық қылмыстарды тіркеу 40%-ға азайды. 

       Істердің 80%-дан астамы электронды форматта тіркелді. Кәсіпкерлерді куәгер ретінде шақыру да айтарлықтай жиіледі. Қаржылық мониторинг агенттігінің төрағасы Дмитрий Малахов Ұлттық кәсіпкерлер палатасы өкілдерімен және кәсіпкерлер құқығын қорғау жөніндегі уәкіл Қанат Нұровпен кездесу барысында осылай деді. Тараптар бизнес иелерін қылмыстық қудалауға негізсіз тартудан қорғауға бағытталған өзара ынтымақтастық туралы үшжақты келісімге қол қойды. Құжат кәсіпкерлікті одан әрі дамытуға септігін тигізбек.  

       Дмитрий Малахов, ҚР Қаржылық мониторинг агенттігінің төрағасы:

       - Мемлекет басшысы экономиканы либерализациялау шаралары туралы Жарлыққа қол қойды. Сол себепті Экономикалық тергеу департаменті басшыларына уәкілетті органның тексеру актінсіз қылмыстық істерді тіркеуге тыйым салынады. Сонымен қатар, тергеу амалдары кезінде кәсіпкерлердің құқығы мен мүдделерін бұзуға жол бермеуді тапсырамын.  

       Райымбек Баталов, «Атамекен» ҰКП төралқа төрағасы: 

       - Кездесуге барлық аймақ қатысты. Өзара байланыс пен белсенді жұмыстың арқасында белгілі бір нәтижені көріп отырмыз. Барлық мәселелер шешілді деп айтуға болмайды. Біз Қаржылық мониторинг агенттігінің төрағасымен аймақтарға, көлеңкелі экономикамен байланысты салаларға басымдық бере отырып бірлескен жұмысты жалғастыру туралы келісім орнаттық. Ұлттық кәсіпкерлер палатасы бизнестің адал жүруіне, талаптардың теңдей болғанына мүдделі.

       https://24.kz/kz/