Бішкекте қазақ киносының күндері басталды

Бішкекте қазақ киносының күндері басталды
фото: https://egemen.kz

     Қырғызстан астанасы Бішкекте қазақ киносының күндері басталды. 

     Онда қырғыз көрермендеріне, отандық үш фильм көрсетіледі. Бірі тарихи, бірі спорттық енді бірі мюзикл жанрында. 

     Қазақ киносының күндерінде көрсетілетін тарихи фильмнің бірі режиссер Ақан Сатаевтың "Ұлы Дала таңы" атты фильмі. Тарихи туындыда бас кейіпкер Қасым ханның өмірі, ұлтаралық соғыстардан бір-бірінен алшақтап кеткен тайпалардың бірігуі мен оған жету жолында қандай қиындықтарды бастан кешкені баяндалады. Көрермен фильм арқылы тарихи тұлғаның мойнындағы жауапкершілік жүгінің қаншалықты ауыр болғанын түсіне алады.  

     Жолборс Жоробеков, саясаттану ғылымдарының докторы: 

     - Бұл бірлік, келісім, өзара түсіністік сияқты ұғымдарды тарихи тұрғыда сипаттаған фильм. Қасым хан өз заманында жай билеуші болған жоқ. Ол, айналасына кіл мықтыларды жинап, олардың басын біріктіре алған тұлға. Соның бәрін осы фильмнен, егжей-тегжейлі көріп, ұғынуға болады.  

     Биыл сәуір айында Қырғыз басшысы Садыр Жапаров Қазақстанға ресми сапармен келген болатын. Сол кезде, Астанада "Аспан баласы" және "Ана табанының астындағы жұмақ" фильмдері атты қырғыз фильмдері, қазақ жұртшылығына ұсынылды. Айта кетейік, көрермендердің қызығушылығын тудырған кинокартинаның бір бөлігі Қазақстанда түсірілген.  

     Акжолтой Бекболотов, "Қырғызфильм" ұлттық киностудиясының директоры: 

     - Кино және өнер... халықтарды жақындастыратын құрал. Бір қызығы қырғыз-қазақ режиссерларының табиғаты бір-біріне ұқсас. Бірақ осыған қарамастан әрқайсысы өзіндік шығармашылық стильдерімен ерекшеленеді.  

     Бішкекте көрсетілетін фильмнің бірі "Паралимпиадашы" спорттық драмасы. Мұнда аяғынан айырылған, бірақ ауруын жеңіп, қайтадан жеңіс тұғырынан көрінген шаңғышы туралы баяндалады. Сондай-ақ, қазақ көрермендерінің ықыласына бөленген "Дос-Мұқасан" фильмі де көрермен назарына ұсынылмақ. 

     https://24.kz/kz/