фото: zakon.kz/mail.kz
Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек министрлік Қазақстан азаматтығын алғысы келетін шетелдіктерге арналған тестілерді даярлауға кірісетінін айтты. Бұл туралы "Сапалы Қазақстан" порталы kaz.inform.kz сайтына сілтеме жасап хабарлайды.
Атап айтқанда, мемлекеттік тілді қарапайым деңгейде, сондай-ақ еліміздің тарихы мен Конституциясының негіздерін білмеген жағдайда, азаматтық берілмейді. Ал тілді білудің тиісті деңгейін Ғылым және жоғары білім министрлігі айқындайды.
Бұл тұрғыда бүгін Үкіметте өткен баспасөз мәслихатында тілшілер министрден аталған тестілер қашан дайын болатынын сұрады.
Өз кезегінде С. Нұрбек көші-қон заңнамасына өзгерістер бекітілгенін еске салды.
«Енді азаматтықты алу үшін тест тапсыру керек. Бұл әлем елдеріндегі қалыпты тәжірибе, яғни АҚШ, Канада, Германия, Түркияда, Ресейде осындай тәртіп бар. Біздегі тестінің үш компоненті болады. Мемлекеттік - қазақ тілін меңгеру, Конституция негіздері мен Қазақстан тарихын білу ескерілген. Қазір арнайы жұмыс тобын құрып жатырмыз. Тиісті ереже мен осы тестілер әзірге дайын емес. Осы тестіні дайындау керек», - деді ведомство басшысы.
Ол бұл жұмыстардың жедел тәртіпте іске асырылатынын айтты.
Пікірлер
Комментарий қалдыру үшін порталға тіркеліңіз немесе кіріңіз
Авторизация через