Атырау облысында үш инвестор полиэтилен өндіретін зауыт салмақ

Атырау облысында үш инвестор полиэтилен өндіретін зауыт салмақ
фото: Уикипедия

Теңіз кен орны маңында полиэтилен өндіретін зауыт салынады «ҚазМұнайГаз», «Сибур» холдингі және Sinopec жылына 1,25 млн тонна полиэтилен өндіретін кәсіпорынды іске қосуды жоспарлап отыр. Бұл жөнінде «ҚазМұнайГаздың» баспасөз қызметі хабарлады.

«Жоба Қазақстан Республикасының экономикасы үшін маңызды, өйткені оның құрылысы елімізде көмірсутек шикізатын терең өңдеуді дамытуға мүмкіндік береді. Белгілі бір нәтижеге қол жеткізілді, алда бізді құрылыс кезеңі мен зауытты іске қосу үшін әлі де қарқынды жұмыс күтіп тұр», – деді «ҚазМұнайГаз» ҰК АҚ басқарма төрағасының міндетін атқарушы Асхат Хасенов.

Асхат Хасенов Sinopec Overseas Investment Holding Limited (Sinopec) компаниясының президенті Зоу Венджи, және «Сибур» ЖШҚ жобалау, күрделі инвестициялар және инвестициялық жобалар мәселелері жөніндегі атқарушы директоры Борис Лиммен кездескен Тараптар зауыт жобасының жүзеге асыру барысын талқылады.

Сәуір айында үшжақты хаттамаға қол қойылған. Осы келісімнен соң Sinopec жоба қатысушыларының құрамына енді. 

Инвесторлардың үлесі мынадай:

ҚазМұнайГаз – 40%,

Sinopec – 30%

Сибур – 30%.

Полиэтилен өндіретін болашақ зауыттың жобалық қуаты — жылына 1,25 млн тонна. Кәсіпорын Қарабатандағы арнайы экономикалық аймақтың аумағында Теңіз кен орнына (Атырау облысы) жақын жерде салынады.

«ҚазМұнайГаз» жоба бойынша серіктес компаниялар туралы ақпарат ұсынды:

«Силлено» ЖШС — Атырау облысындағы алғашқы интеграцияланған газ-химия кешенін салу жобасының екінші кезеңінің операторы («Полиэтилен» жобасы). Серіктестік — жоба салынатын «Ұлттық индустриялық мұнай-химия технопаркі» арнайы экономикалық аймағының қатысушысы.

Sinopec — әлем бойынша BASF компаниясынан кейінгі ірі химиялық компания, вертикалды интеграцияланған энергетика және мұнай химиясы корпорациясы. Компаниялардың жылдық кірісі негізінде жасалатын Fortune Global 500 рейтингінде 2023 жылы Sinopec алтыншы орынға ие болды.

«СИБУР Холдинг» (СИБУР) — полимерлер мен резеңке өндіретін ресейлік көшбасшысы компания, мұнай-газ химия холдингі. 2023 жылдың наурыз айында СИБУР Полиэтилен жобасына ресми түрде кірді.

Мамыр айында «ҚазМұнайГаз» Ұлттық компаниясының басқарма төрағасы қызметін атқарып келген Мағзұм Мырзағалиев қызметінен кетті. Ұлттық компания акционерлерінің кезектен тыс жалпы жиналысы өткізілгенге дейін Басқарма төрағасы міндетін Асхат Хасенов атқарады. 

ҚазАқпарат