Ақтөбеде жастар жаппай төбелесіп, соңы адам өлімімен аяқталды

Ақтөбеде жастар жаппай төбелесіп, соңы адам өлімімен аяқталды
фото: pixabay.com

Оқыс оқиға мамырдың 28-не қараған түні болды. Ауруханаға 18 бен 22 жас аралығындағы бірнеше адам жеткізілген. Олардың бірі жансақтау бөлімінде көз жұмды. Бұл туралы "Сапалы Қазақстан" порталы qazaqstan.tv сайтына сілтеме жасап хабарлайды. 
 

Жақсыбек Кемал, тілші:

Біз қала шетіндегі мал базары аумағында тұрмыз. Оқиға шамамен осы маңда болған. Ауруханаға тоғыз адам жеткізілді. Олардың барлығы дерлік пышақ және оқ жарақатын алған.

Жаппай төбелеске қатысып, жараланғандар Облыстық жедел медициналық көмек ауруханасында. Олар жатқан палаталарды тәртіп сақшылары күзетіп тұр. Дәрігерлердің айтуынша, науқастардың өміріне қауіп жоқ. Қазір қажетті ем-дом жасалып жатыр.

Жасұлан Орынбаев, дәрігер-травматолог:

Бірінші науқасты әкелді. Келген кезде клиникалық өлім жағдайында болды. Реанимациялық жұмыстар жүргізілді, бірақ та қайтыс болды. Қалған сегіз адам тұрақты, бөлімде ем алып жатыр.

Қаза тапқан 18 жастағы жігіт Шалқар ауданынан, отбасындағы жалғыз бала екен. Шаһардағы колледждердің бірінде үшінші курста оқыған. Үлгілі, мақтаулы шәкірттердің бірі болыпты. Ұстаздарының айтуынша, ол төбелеске бара жатқанын білмеген.

Жайнагүл Әбиева, колледж қызметкері:

Осындағы заңды өкілдерінің айтуынша, бала қайда бара жатқанын, не себепті бара жатқанын білмеген. Айтып өткенімдей, Диастың осындай жағдайға аяқасты тап болуы өзімізге де көп сұрақ туындатып тұр. Ол өте дұрыс бала.

Полицейлер төрт күдіктінің ұсталғанын хабарлады. Олар тергеу изоляторына қамалған. Оқиғаға қатысты «Адам өлтіру» және «Бұзақылық» деректері бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды. Жастардың жанжалдасуына нақты не себеп болғанын ресми органдар әзірге хабарламады.