2023 жылы сұраныста болатын 7 мамандық

2023 жылы сұраныста болатын 7 мамандық

       Әрқашан сұраныста болатын мамандықтар бар. Бірақ уақыт өте заман талабына сай жақсы табыс әкелетін мамандықтар пайда болып жатыр. 2023 жылы сұраныста болатын мамандық түрлерін ұсынамыз.

Сұлулық саласындағы мамандықтар

       Қазір сұлулық процедуралары көпшілікке қолжетімді. Сондықтан ол халық арасында сұранысқа ие. Оған қоса, бұл мамандықты бірнеше айда меңгеріп алуға болады.

       Бұл салада өз-өзіңізге жұмыс істеуге мүмкіндік бар. Алайда  кез келген мамандық секілді сұлулық саласындағы мамандықтардың да өз кемшіліктері бар. Мысалы, шеберлер күні бойы ыңғайсыз күйде жұмыс істеуге және үнемі қолғап пен маска киіп жүруге мәжбүр болады. Оған қоса, процедураға түрлі адам келеді, кейде олардың көңіл күйі сізге де өз әсерін беруі мүмкін. Бұл жұмыстардың ерекшілігі жайлы толығырақ шаш және маникюр маманынан алған сұхбатымыздан оқи аласыздар.

Психолог

       Заманауи әлемде психикалық денсаулыққа мән беруге тренд қалыптасып келеді. Қазір жақсы психолог маманы сұранысқа ие. Бұрын көпшілік психологқа қаралуды ұят санайтын, ал қазір халық онымен жұмыс істеудің артықшылықтарын түсініп келеді. Психолог жеке клиникада клиент қабылдай алады, білім беру ұйымында жұмыс істей алады және ірі компанияда штаттық қызметкер бола алады. Бірақ жақсы психолог болу үшін және жоғары жалақы алу үшін біраз еңбектену керек. Қазір психология бойынша курстар көп, бірақ мұндай курстарды жаңа тәжірибе алу үшін ғана пайдаланған жөн. 

Деректер талдаушысы

       Деректер талдаушысы - нақты мәліметтерді жинайтын, өңдейтін, зерттейтін және түсіндіретін маман. Оның жұмысы басқа облыстағы мамандарға бизнесте, ғылымда немесе басқаруда шешім қабылдауға көмектеседі.

       Компанияның жақсы кіріс әкелуі деректер талдаушысы жұмысының сапасына да байланысты.

       Аналитика саласында бірінші жұмысыңызды табу үшін мына дағдылар керек:

- программист білімін алу немесе курстан өту;
- бағдарламалаудың кем дегенде бір тілін білу;
- SQL мәліметтер базасына сауал жаза білу;
- бизнес-процестер мен кәсіби терминдерді түсіну.

Логист

       Логист - түрлі ресурстар ағынын басқаратын маман: жүк, қаржы, ақпарат. Ол тауарды оңтайлы маршрут бойынша уақытында және келісілген баға бойынша жеткізуге мүмкіндік беретін дағдыларға ие. Логист болу үшін арнайы сервистерді қолдана білу керек және әртүрлі адамдардың тілін таба білу қажет.

Подкаст жүргізушісі

       Подкаст жүргізушісі - онлайн немесе көшіріп алып тыңдауға болатын аудиобағдарлама жазумен айналысатын маман. Бұл мамандықты дикторлық дағдысы бар және адамдармен жақсы сөйлесетін журналистика білімі бар адам да, нақты саладағы маман да меңгере алады.

Дәрігер

       Жыл сайын жаңа мамандықтар пайда болғанымен, өзекті болып қала беретін мамандықтар да бар. Мысалы, дәрігерлерсіз біздің қоғамымыз өмір сүре алмайды. Жақсы дәрігер болу үшін білім алуға көп жыл арнауға дайын болуыңыз керек.

Фитнес-жаттықтырушы

       2023 жылы сұраныста болатын тағы бір мамандық - фитнес-жаттықтырушы. Кейінгі жылдары адамдар өмір сапасына аса мән бере бастады. Сондықтан да көпшілік дұрыс тамақтануға және салауатты өмір салтын ұстануға көшті. Жаттығу залына баратындар саны да артуда. Фитнес-жаттықтырушының басты міндеті - адамның жаттығуларды дұрыс жасауын бақылау және физикалық формасын жақсартуына көмектесу.

 Ақпарат дереккөзі