Елордада Премьер-министр Әлихан Смайыловтың төрағалығымен Үкімет отырысы өтті. Жиында еліміздің биылғы қаңтар-наурыздағы әлеуметтік-экономикалық дамуының және республикалық бюджеттің атқарылуының қорытындылары қаралды.
Үкімет отырысында Ерұлан Жамаубаев республикалық бюджет бойынша төрт триллион теңгеге жуық шығын жұмсалғанын айтты.
– Орындалмаған қаржы көлемі 20 миллиард теңгені құрады. Оның 5 миллиард теңгесі үнемдеу мақсатында жұмсалмады. 15 миллиард теңге игерілмеді. Игерілмеген қаржының ең көп көлемі Денсаулық сақтау, Мәдениет және спорт, Сыртқы істер, Экология, геология және табиғи ресурстар министрліктеріне тиесілі болған, – деді ол.
Министрдің айтуынша, бюджетті игермеудің негізгі себептері: шарттар жасасудың ұзақ мерзімді рәсімдері, төлемнің негізділігін растайтын құжаттардың болмауы немесе ұсынылмауы, қазынашылық органдарына төлеуге берілетін шоттарды кеш ұсыну, орындалған жұмыстардың актілерін, шот-фактураларды уақытылы ұсынбау, мемлекеттік сатып алу бойынша өткізілмеген конкурстар, қаражатты жұмсау қажеттілігінің болмауы.
Egemen.kz
Пікірлер
Комментарий қалдыру үшін порталға тіркеліңіз немесе кіріңіз
Авторизация через