Диас Серіков – курьер. Астана қаласының тұрғыны. Жасы – 19-да. Бүгінде көпке белгілі жылдам жеткізу орталығында жұмыс істейді. Диасқа еріп біз де курьерлердің бір күндік жұмысымен таныстық.
Диас күнделікті 12 сағат жұмыс істейді. Жұмыс уақыты 10:00-ден 22:00-ге дейін. Демалыс күндері бұдан да көп уақыт жұмыс істеймін дейді.
Дегенмен бұл күні Диас оқуынан шығып, жұмысын сағат 15:00-де бастады. Осы уақытта алғашқы тапсырысы Қабанбай батыр 26 мекен жайынан келіп түсті. Тапсырысты алып, бірден клиенттің мекен жайына аттанды. Осылайша, күнделікті 15-20 тапсырыс қабылдайды. Сәйкесінше, күніне 15-20 мың табыс табады.
Диас өткен жылы өзінің маңдай терімен тапқан табысының арқасында өзіне мопед сатып алды. Бүгінде жұмысындағы негізгі көмекшісі – көлігі.
2019 жылы Тараздан отбасымен бірге Астанаға көшіп келді. Диас көп балалы отбасында өсті. Үйінің үлкені. Қазіргі таңда Медицина-техникалық колледжде дантист мамандығының 4 курс студенті. Сабақтан кейінгі бос уақытымда Glovo-да курьер болып жұмыс істеймін.
Ол бір жылдан бері Glovo компаниясында жұмыс істейді. Курьерлердің жұмысының ерекшелігімен қатар, қиын сәттерімен де бөлісті.
Жылдам тасымалдау бүгінгі қоғамда ең қажетті қызметтердің бірі. Бір жылдан бері осы салада жұмыс істеймін. Курьерлердің жұмысы кептеліс кезінде қиындайды. Қала ішінде жүріп-тұру қиындап, тапсырысты дер кезінде жеткізу мүмкін болмай қалады. Соның салдарынан тапсырыс берушілер наразылықтарын білдіріп жататын тұстары да аз емес. Сондықтан әрқашан жылдам және сапалы жұмыс істеуге тырысамын, - дейді Диас.
Диас бос уақытында спортпен айналысады, жаттығу залдарына барып, салауатты өмір салтын ұстанатын көрінеді. Оқу бітірген соң, өзінің білім алып жатқан саласы бойынша жұмыс істеуді жоспарлап отыр.
Дереккөз El.kz. Фото: ©El.kz.
Пікірлер
Комментарий қалдыру үшін порталға тіркеліңіз немесе кіріңіз
Авторизация через