11 жасар қазақстандық баян тартудан әлем үздігі атанды

11 жасар қазақстандық баян тартудан әлем үздігі атанды
фото: sputnik.kz

Баян тартатын қазақстандық өнерпаз Францияда өткен "Әлем трофейі" байқауында бас жүлдеге ие болды.

11 жастағы Радмир Хайбуллин халықаралық сайысқа қашықтан қатысып, салмағы 8 келі тартатын аспабымен Гавриловтың "Жүрдек пойызы" шығармасын құйқылжыта орындады.

Байқауға бейнежазба жібердік. Мен 3 туындыны орындадым. Біріншісі – Йоган Себастьян Бахтың "Кіші фуга де мажоры", екіншісі – Александр Уткиннің өңдеуіндегі Марк Фрадкиннің "Махаббат әні" және Юрий Гавриловтың "Жүрдек пойызы"", - дейді Радмир Хайбуллин.

Дүниежүзілік баяншылар мен аккордеоншылар конфедерациясы байқауды 1951 жылдан бері ұйымдастырып келе жатыр. Радмир бұл сайысқа қашықтан қатысу оңайға түспегенін айтады.

"Жазылу қиын. Өйткені бір рет ойнаған соң, қайта қарасаң, бір жері дұрыс шықпай қалған сияқты көрінеді. Содан бәрін қайтадан жазып алғың келеді. Осылай жазылуға көп уақыт кетті", - дейді ол.

Ұстазы Руслан Тұраев осыдан 6 жыл бұрын Семейде қызмет етіп жүргенде балақайды қабылдап алған еді. Кейін қызмет бабымен Астанаға ауысқан соң, Радмирдің ата-анасы баланың болашағы үшін бас шаһарға көшуге шешім қабылдады.

Бүгінде жас дарын тәлімгері сабақ беретін Қазақ ұлттық өнер университеті жанындағы музыкалық мектепте оқып жатыр.

"Менің атам бірнеше музыка аспабынмеңгерген. Бірақ көбіне сырнай тартқанды жақсы көретін. Сол себепті ата-анам мені сырнай класына жаздырмақ болды. Бірақ Семейдегі музыкалық мектепте сырнай класы болмады. Сосын Руслан Александрұлы мен үшін әдейі сырнай сабағын алып, өзі меңгеріп, кейін мені үйрете бастады. Ал Астанаға көшкен соң баянға ауыстым ", - дейді Радмир Хайбуллин.

"Әлемнің көптеген елі баянды халықтық аспап ретінде таниды. Бірақ ол да классикалық аспап саналады. Бахтың шығармалары, Моцарттың сонаталары – бәрін де баянға салып орындауға болады. Өкінішке қарай, біз қанша қаласақ та, баян мектебіне көп бала түспейді. Бірақ бізде мықты баян мектебі бар. Енді Радмир сынды балаларға қарап, жеткіншектеріміздің қызығушылығы оянады деген үміттеміз", - Қазақ ұлттық өнер университетінің оқытушысы Руслан Тұраев.

Қазір Радмир ұстазымен бірге "Астана Мерей" республикалық өнер сайысына дайындалып жатыр. Ал желтоқсанда Барнаулда өтетін халықаралық байқауда тағы да Қазақстанның намысын қорғайды.

ҚазАқпарат