Жемқорлыққа белшесінен батқан салалар

Жемқорлыққа белшесінен батқан салалар

Жемқорлыққа белшесінен батқан салалар

Сыбайластық қай қоғамда болмасын өзектілігін жойған емес. Биліктегілер қанша жерден тосқауыл қоямыз деп заңды қатайтып, жазалаушы органдарды да көбейтіп жатқанымен, құлқынның қамын жоғары қоятындар азаяр емес.  Мемлекеттік органдар арасында жемқорлыққа жол беріп, пара алудан айылын жимай жатқандардың көптігі өкінтеді. Мәселен, Түркістан облысында биыл жемқорлық жайлаған сала бойынша тұрғын үй, коммуналдық шаруашылық саласы алда тұр. Демек, 15 дерекпен алда тұрған осынау салаға сұраныстың да көп болғаны. Одан кейінгі орында 12 дерекпен  әлеуметтік қорғау және денсаулық сақтау саласы болса, 11-і полицияда,  білім беру мен құрылыста  10 қылмыс тіркелген.  Сондай-ақ жыл басынан бері облыста жемқорлық әрекеті үшін 22 адам сотталса, оның 17-сі мемлекеттік, 5-еуі – құқық қорғау қызметкері.

Ashyq қосымшасынан да ақша істейтіндер бар

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Түркістан облысы бойынша департаменті таратқан мәліметтерге сүйенсек, жедел іздестіру іс-шараларын жүргізу барысында сотқа дейінгі тергеп-тексеру бірыңғай тізіліміне 73 қылмыс тіркелген. Бұлардың ішінде 55-і  – сыбайлас жемқорлыққа қатысты қылмыс. Ал бюджет қаражатын жымқыру бойынша 25 қылмыс анықталған. Оның 21-і – парақорлық, 4-еуі – алаяқтық, 18-і жымқыру әрекеттері ретінде сараланған. Осы қылмыстардың аясында мемлекетке 561,1 млн теңге залал келген. Бүгінге дейін оның 336 млн тенгесі  мемлекетке қайтарылыпты.

Қандай да сұранысқа ие нәрсенің айналасында ақша жүретіні айтпаса да белгілі. Тіпті, Ashyq қосымшасынан да ақша істегендер белгілі болып жатыр. Мәселен, Кентау қалалық Санитарлық-эпидемиологиялық бақылау басқармасының бас маманы пара алды деген күдікке ілінді. Бас маман Ashyq қосымшасына енгізу үшін кәсіпкерлерден 100-120 мың теңге көлемінде жүйелі түрде пара алып отырған. Ал қызмет бабын асыра пайдаланып, алкоголь өнімдерін рұқсат құжаттарсыз және жалған маркалармен сатуға жәрдем берген Қаржы мониторингі агенттігінің облыстағы өкілдеріне сот үкімі шықты. Масқара болғанда екеуі кінәсіз адамды әкімшілік жауапкершілікке тартып, нағыз кінәліні жауап беруден құтқарып жібергені де анықталған. Есесіне, осы әрекеттері үшін сыйақы алған.

Келес ауданының тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бөлімінің басшысы А.Кенегесов келісімшарт бойынша жұмыс істелінген актілерге кедергісіз қол қойып өткізу үшін 30 млн теңге пара алу кезінде ұсталып,  сот үкімімен 11 жыл 3 ай мерзімге бас бостандығынан айырылды. Сондай-ақ Кентау қаласындағы Ш.Қанайұлы атындағы №2 жалпы орта мектебінің директоры Н.Балтаев мектепке математика пәнінен мұғалім ретінде жұмысқа қабылдау үшін жәбірленушіден 500 мың теңге  пара алу дерегімен айыпталды. Ол сот үкімімен  4 жылға бас бостандығынан айыру жазасына кесілді. Бұлардың қатарында Төлеби ауданы Бірінші мамыр ауылдық округінің бас маманы С.Алиқұловтың «Нұрлы жер» бағдарламасы аясында жер учаскесін беру кезінде 800 мың теңге парамен ұсталған дерегі да бар. Енді ол осы қылмысы үшін темір тордың арғы жағында 3 жыл өмірін өткізеді. Дәл мұндай деректерді көптеп келтіре беруге болады.

Мемлекеттік сатып алудағы майшелпек

Агенттік таратқан тағы бір деректерге көз жүгіртсек, мемлекеттік сатып алу кезінде болған сорақылықтар. Мониторинг жұмыстарының нәтижесінде жоспарланған мемлекеттік сатып алудағы 512 миллион теңге үнемделген. Ол қалай дейсіз? Байқап қарасақ, спорттық жарыстарға шектен тыс қаржы қаралады екен. Үнемделген қаржының басым бөлігі осы салаға қатысты.

Мәселен, Түркістан облысының Денешынықтыру және спорт басқармасы спорт костюмінің бір данасын 267 857 теңгеге сатып алуды жоспарлаған, яғни 230 данасы 61 607 142 теңге болуы тиіс. Департамент тарапынан бағасын медиандық бағаға сәйкестендіру туралы ұсыныс хат жолданған соң, спорт костюмінің бір данасын 26 785 теңгеге сатып алу көзделіп,  сәйкесінше 230 дана костюмнің жалпы сомасы 6 160 713 теңгеге төмендеді. Яғни, 61 миллионның киімін 6 миллион теңгеге дейін қысқартуға болады екен!

Сонымен қатар Түркістан облысының Денешынықтыру және спорт басқармасының «Балалар мен жасөспірімдердің мамандандырылған облыстық футбол мектеб» КММ футбол добының бір данасын 27 000 теңгеге сатып алуды жоспарлап, 78 доптың жалпы сомасы 2 106 000 теңгені құрайтынын жазған. Алайда тағы да ұсыныс хаттың нәтижесінде әр доп 15 мың теңге жобасында алынатын болып өзгереді. Бұл жолы доптың саны 123-ке көбейгенімен, оны 1 млн 866 мың теңгеге алуға болатыны белгілі болды. Мұның алдында 78 допқа 1 млн 106 млн теңге қаралған еді.

Сондай-ақ Қоғамдық даму басқармасы тарапынан жоспарланған жалпы сомасы 113 млн теңге көлемін құрайтын іс-шаралар коронавирус инфекциясының таралуына жол бермеу мақсатында сатып алудан бас тартылған. Қоғамдық даму басқармасына қарасты «Turkistan Media Holding» ЖШС сандық фотокамераны 43 084 062 теңгеге сатып алуды жоспарланған. Департамент тарапынан жолданған ұсыныс хаттан соң мұны сатып алудан бас тартылған.

Департамент басшысы Қанат Қожахметов  бұдан бөлек, Арыс қаласының «Ауыл шаруашылығы бөлімі» ММ жеңіл автокөліктің бір данасын 5 800 000 теңгеге сатып алуды жоспарлап отырғанын атап өтті. Алайда  әкімдік қызметкерлері  ел Президентінің 2020 жылғы 25 мамырдағы №108 өкіміне сәйкес, 3 жыл мерзімге барлық мемлекеттік органдар мен квазимемлекеттік сектор субъектілері үшін жеңіл, арнайы және жедел-қызметтік автокөлік құралдарын, сондай-ақ кеңсе жиһаздарын сатып алуға мораторий енгізілгенін ескермеген.

Бұдан бөлек, сыбайлас жемқорлық құқықбұзушылық фактісі туралы хабарлаған 9 тұлғаға  1,8 млн теңге көлемінде ақшалай сыйақы берілген.

Мәтіндегі ақпарат туралы