фото: insiderguides.com.au
Еліміздің 5 өңірінде жастарға 5 пайызбен несиелік тұрғын үй беру бағдарламасы әзірленіп жатыр. Бұл туралы Мәжіліс депутаттарының сауалына Премьер-Министрдің бірінші орынбасары Роман Склярдың жауабында айтылған.
«Жастарға 5 пайыздық несиелік тұрғын үй беру бойынша өңірлік бағдарламалар бар. Атап айтқанда, Алматы және Астана қалаларында, сондай-ақ Қарағанды, Жамбыл, Қостанай, Атырау, Алматы, Ақтөбе, Ұлытау, Жетісу және Абай облыстарында жастар бағдарламалары іске асырылуда. Осы бағдарламаларға 2017-2022 жылдары аралығында Отбасы банкіне жергілікті бюджеттерден 65,2 млрд теңге бөлініп, аталған қаражат есебінен банк 5 мыңға жуық өтінімді мақұлдады», - деді Үкімет басшысының бірінші орынбасары жауабында.
Оның атап өтуінше, осы жылы бұл бағдарламалар бойынша шамамен 39 млрд теңге қарастырылған.
«Осындай бағдарламалар басқа өңірлерде де (Павлодар, Түркістан, Солтүстік Қазақстан, Қызылорда облыстары мен Шымкент қаласында) әзірленуде. Осылайша, қолданыстағы тетіктер бойынша жастардың көпшілігіне мемлекеттік қолдау көрсету мақсатында, сондай-ақ тұрғын үймен қамтамасыз ету мәселесінде халықтың әлеуметтік осал топтарының басымдығын ескере отырып, қазіргі уақытта жастарға жалдамалы пәтерлерін сатып алу құқығын беру дұрыс деп пайымдаймыз», - деді Роман Скляр.
Дереккөз inform.kz.
Пікірлер
Комментарий қалдыру үшін порталға тіркеліңіз немесе кіріңіз
Авторизация через