фото: sputnik.kz
Жастарға жеңілдетілген микрокредит берілетін болды, деп хабарлайды Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі.
Биыл "Аграрлық несие корпорациясы" акционерлік қоғамына кәсіпкерлік бастамаларын іске асыру үшін микрокредит алуға 7,3 мың өтініш түскен. Бұл микрокредит жастардың жобасына арналған, жылдық мөлшерлемесі 2,5%. Биыл жалпы 5 796 жеңілдетілген микрокредит беру жоспарланған. Қазірдің өзінде 5 205 жоба мақұлданды.
"Микрокредиттің мөлшері 5 млн теңгеге дейін, ал қатысудың ең ұзақ мерзімі кез келген мақсатқа – 5 жылға, ал мал шаруашылығы саласындағы жобалар үшін 7 жылға дейін беріледі. Сыйақы мөлшерлемесі – жылдық 2,5%-тен аспайды", - деп жазылған ведомство хабарламасында.
Микрокредит алуға өтінімдердің ең көбі Түркістан (970), Жамбыл (786), Қызылорда (642) облыстары мен Шымкент (466) және Астана (456) қалаларынан түскен.
"Конкурстық комиссиялардың шешімімен 5 205 жоба мақұлданды, оның ішінде 4 554 жобаны іске асыруға кредит берілді. Кредит алушылардың басым көпшілігі мал шаруашылығы, қызмет көрсету, сауда, өсімдік шаруашылығы және жеңіл өнеркәсіп саласын қамтыды. Микрокредит 21 жастан 35 жасқа дейінгі жастарға өз кәсібін ашуға немесе оны кеңейтуге, 5 жылдан аспайтын мерзіммен жеке кәсіпкер ретінде тіркелген жағдайда беріледі", - дейді министрлік мамандары.
Микрокредит алушылар үшін негізгі борыш пен сыйақыны өтеу бойынша жеңілдікті кезең беріледі, ол микрокредит мерзімі ұзақтығының үштен бірінен аспайды. Микрокредит алғысы келген адамның кепілге қоятын заты болуы міндетті.
Бұл ретте кепілді мүлік түрлерінің тізбесі кеңейтілген. Олар:
екінші деңгейлі банктердегі шоттарда орналастырылған ақша қаражаты;
республикалық маңызы бар қалаларда, облыстық маңызы бар қалаларда, аудан орталықтарында, облыстық және аудандық бағыныстағы қалаларда, сондай-ақ ауылдарда және ауылдық елді мекендердегі жылжымайтын мүлік;
жеке меншік құқығындағы/бастапқы ұзақ мерзімді өтеулі жер пайдалану (жалға алу) (егістік) құқығындағы ауыл шаруашылығы мақсатындағы жер учаскелері;
жайылымдарды суландыру және қоршау инфрақұрылымы бар жер учаскелері;
бау-бақша өсіруге арналған жер учаскелері;
мамандандырылған техника.
Кепілмен қамтамасыз ету болмаған жағдайда кепіл берушіні (ата-аналарын, туыстарын және т.б.) тартуға болады.
Өтінім беру үшін құжаттар пакетін "Аграрлық несие корпорациясы" АҚ филиалына тапсыру қажет.
Қазіргі уақытта микрокредиттер алуға өтінімдер барлық облыс пен Астана, Алматы және Шымкент қалаларында қабылданып жатыр.
"Аграрлық несие корпорациясы" АҚ филиалдарының мекенжайлары мына сайтта көрсетілген.
ҚазАқпарат
Пікірлер
Комментарий қалдыру үшін порталға тіркеліңіз немесе кіріңіз
Авторизация через