Жас мұғалімдер тест тапсырады

Жас  мұғалімдер  тест  тапсырады

Жас мұғалімдер  тест  тапсырады

  Жоғары оқу орындарының жас педагог-түлектерін Ұлттық біліктілік тестілеуін тапсырғаннан кейін ғана жұмысқа қабылдау жоспарланып отыр. Бұл жаңашылдық кадр сапасын арттыруға бағытталған. Біліктілік тестілеуі түлектердің пән бойынша білімі мен оқыту әдістемесінің деңгейін анықтауға мүмкіндік береді.

Мұндай жаңашылдық білікті педагогтер балаларымызға сапалы білім берулері үшін енгізіліп отыр. Биыл оқуын тәмамдаған жоғары оқу орындарының түлектері мен осы уақытқа дейін мектепте жұмыс істемеген педагогтер Ұлттық біліктілік тестілеуін тапсыруы тиіс. Тестілеуді тапсырып, қажетті балл жинаған түлектерді ғана жұмысқа қабылдау жоспарланып отыр. Ұлттық біліктілік тестілеуінде біліктілігін дәлелдегеннен кейін түлектер өз кәсіби дағдыларын мектеп қабырғасында көрсете алады. Бұл жаңашылдық оқуын аяқтап, педагог болып жұмыс істеуге ниет білдірген тұлғаларға ғана қатысты. Яғни, жұмыс істеп жүрген мұғалімдерге бұл талаптар қойылмайды, – деді ҚР БҒМ Мектепке дейінгі және орта білім комитетінің төрайымы Майра Мелдебекова.

Қазақстандық жоғары оқу орындарына жаңашылдықтың орындылығы мен қажеттілігі туралы түлектер арасында ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын жүргізу тапсырылды. Ұлттық біліктілік тестілеуі 1 шілде күні басталады деп жоспарланып отыр. Тестілеуді тапсыру үшін Ұлттық тестілеу орталығының сайтында алдын ала тіркелу қажет.

Естеріңізге сала кетейік, 2020 жылдан бастап жоғары оқу орындарына педагогикалық мамандықтар бойынша түсуге ниет білдірген түлектерге қойылатын талаптар күшейтілді. Егер бұрын ҰБТ-да болашақ педагогтер үшін шекті балл 50 болса, енді шекті балл 75-ке дейін көтерілді.

https://baq.kz