«Технофеодализм» тереземізді қағып тұр ма?

«Технофеодализм» тереземізді қағып тұр ма?
фото: сурет: Freepik

KPMG сарапшыларының өткен жылғы ба­ғалауына сүйенсек, онлайн коммерцияның дамуы бойынша Орталық Азиядағы көшбасшы – Қазақстан.

 «Капитализмнің дәурені аяқталып, жаңа дәуір басталды. Технофеодализм». Былтыр жыл аяғында Грекияның бұрынғы экономика министрі Euronews-ке берген сұхбатында осылай деп мәлімдеген болатын. Иә, капитализмнің аяқталғаны, адамзат тағы бір дәуірдің табалдырығында тұрғаны туралы

10 жылдан бері айтылып келе жатыр деуге болады. Ал Яннис Варуфакис бұл тұжырымын онлайн сауда алаңдарының дамуымен негіздеген еді.

Иә, технологияның дамуы өмір сүру салтымызды өзгертіп, бір уақытта онлайн және офлайн әлемде өмір сүруге үйретті. Соның ішінде, пандемиядан бері онлайн саудада бәс те, кәсіп те қызып тұр. Сатып алушыға ыңғайлы, кәсіпкерге қолайлы. Дегенмен шетелдің алпауыт маркетплейстеріне елдегі кәсіпкерлер төтеп бере ала ма?

«Технофеодализм келді»

Қайда қарасақ та, қайда барсақ та – сауда. Әуелде байланыс құралы ретінде қолданысқа енген әлеуметтік желілер бара-бара үлкен базарға айналды. Тауар саудалауға ақыл саудалау, яғни инфо­бизнес қосылды. Біреулер тауар сатып әлек, енді біреулер тауарды қалай сату керек екені туралы кеңес сатып әуре. Капитализмнің аяқталуы туралы әңгіме ақылға қонымсыз сияқты көрінеді.

Алайда Грекияның бұрынғы экономика министрі Яннис Варуфакис өз еліндегі капитализмнің құлдырап бара жатқанына сеніп қана қоймай, ол әлем бойынша қазірдің өзінде өлді деп есептейтінін айтқан. «Оны кім өлтірді?» деген сұраққа Amazon, Alibaba сияқты  алпауыт сауда алаңдары деп жауап береді.

«Менің бағалауым бойынша (және бұл даулы гипотеза) капитализм аяқталды», – дейді Варуфакис.

«Менің ең тосын болжамым» атты Euronewsтің жаңа подкаст сериясында грек экономисі, ғалымы және саясаткері Яннис Варуфакис капитализмнің құлдырауына не себеп болғанын айтып, болашақта не күтіп тұрғанына өзінше болжам жасаған. Варуфакистің пікірінше, біз феодализмге қайта оралдық. Өнеркәсіп революциясы мен орта таптың көтерілуінен кейін қалыптасқан феодализм емес, жаңа форма – технофеодализмге. Ол тіпті осы тақырыпта кітап та жазып шыққан.

Варуфакис онлайн сауда алыбы Amazonды жер иеленуші ретінде мысалға келтіреді. Экономистің сөзінше, ол нарық сияқты көрінуі мүмкін, дегенмен «байлық жинау коммерциялық емес мақсаттарға негізделген, бірақ аннуитет жүйеде». Яғни, оның түсіндіруінше, Amazonнан бірдеңе сатып алған сайын, бағаның 30-40 пайызы нарыққа емес, Джефф Безостың қалтасына түседі.

Грекияның бұрынғы экономика министрі «технофеодализмге» көзқарасы оң емес екенін айтады. Ол бұл жақсы аяқталмайды деп санайды.

«Табыстың экспоненциалды шоғырлануы әлем апатқа бет алған кезде басқалардан табыс алу құқығы мен мүмкіндігінен басқа ештеңе жасамайтын адамдардың қолында. Біздің технологиямыз – жақсылық пен жамандықтың күші. Егер зұлымдық басым болса, бұл – біздің кінәміз, технология – тек құрал», – дейді Варуфакис.

Иә, қазір алпауыт сауда алаңдары дүние жүзіне кең таралды.  Жоғарыда аты аталған Джефф Безостың әлемнің ең бай адамдары тізіміндегі алғашқы орындардан түспеуін ескерсек, пікірдің жаны бар секілді көрінеді. Алпауыт маркетплейс иесінің байлығы 188,4 миллиарда АҚШ долларына бағаланады. Кейінгі кезде елімізде, жалпы Орталық Азияда танымал болған Wildberries онлайн сауда алаңының негізін қалаушы әрі иесі Татьяна Бакальчук Ресейдегі екінші миллиардер әйел атанды, бір жылда тапқан пайдасы – 6 700 миллион АҚШ доллары.

Қазақстан – көш басында

Қазақстандықтар да сауданың онлайн түрін қолайлы көре бастаған. Kaspi.kz – еліміздегі ең ірі онлайн сауда алаңы. Wildberries, Pinduoduo, Taobao, Ozon сияқты шетелдің маркетплейстерінен керек-жарағын алып жүргендер көп.

KPMG сарапшыларының 2022 жылғы бағалауына сүйенсек, онлайн коммерцияның дамуы бойынша Орталық Азиядағы көшбасшы – Қазақстан, еліміздің бөлшек саудасының жалпы көлеміндегі электрондық коммерцияның үлесі 10 пайыз екені де айтылған. Ал PwC Kazakhstan және «Цифрлық Қазақстан» Қауымдастығының талдаушыларының деректерінде елдегі электрондық сауда көлемі 30 пайызға ұлғайып, 1,3 триллион теңгеге жеткені айтылады. Бұл – барлық бөлшек сауда айналымының 8,2 пайызы.

2022 жылы Ұлттық статистика бюросы электрондық коммерция көлемін есептеу әдістемесін жаңартып, маркетплейстер арқылы сатуды енгізген болатын. Осылайша, еліміздегі ішкі электрондық коммерция көлемі рекордтық деңгейге жетіп, 3,17 триллион теңге болған, оның 1,13 триллионы – тікелей компаниялардың интернет-ресурстары арқылы жасалған сауда, ал 2,05 триллионы – маркетплейстер арқылы жасалған сауда көрсеткіші.

Одан бөлек, Қазақстанда отырып, шетелдің дүкендерінен онлайн сауда жасайтын, яғни қазақстан эмитенттерінің төлем карталары арқылы жасалған сауда көлемі де өсіп келеді. Қазір әлеуметтік желілерде «байер» аталатын қызмет түрі де пайда болған. Мұны нақты статистика да растайды: қазақстандық эмитенттердің төлем карталары арқылы шетелдің интернет-ресурстарынан жүргізілген транзакциялар сомасы өскен. 2022 жылы мұндай транзакциялар сомасы 781 миллиард теңге болған, ал былтыр 472,9 миллиард теңгеге жеткен. Яғни, 65 пайызға өскен. Бұл сауда-саттық түрі де тауарларды өндіруші елдегі бағада алуға мүмкіндік беретінін ескерсек, жолын білгенге тиімді екені анық.

Жалпы, жеке тұлғалардан бөлек, елімізде тауарлар мен қызметтерді сату үшін интернет-ресурстарды пайдаланатын кәсіпорындар саны 2 007-ге жеткен. Олардың 770-і өздерінің интернет-ресурстарын қолданады, ал қалғаны – маркетплейстер.

Онлайн саудада не өтімді?

PwC талдауына сәйкес, 2023 жылдың І жартыжылдығында бөлшек электрондық коммерция нарығындағы транзакциялар саны 87 пайызға өскен, дегенмен орташа чек сомасы 4 пайызға қысқарыпты. Жалпы, зерттеуде ел азаматтары онлайн-сатып алуға орта есеппен 25 мың теңге жұмсайтыны айтылған.

Ал онлайн ең көп саудаланатын, яғни халық сатып алатын тауарларға тоқталар болсақ, forbes.kz мәліметінше, көш басында тұрмысқа қажетті тауарлар тұр. 293,4 млрд теңге немесе жалпы көлемнің 34,7 пайызы. Екінші орында, 146,4 млрд теңге немесе сату көлемінің 17,3 пайызын алған киім, аяқ киім, спорт тауарлары тұр. Үшінші орында – 111,3 млрд теңге, 13,2 пайыз үлеспен азық-түлік.

Бұл ретте, азын-аулақ сомадағы кредиттер мен бөліп төлеудің ұлғайғаны туралы мәселені қатар қозғауға болады. Қазір онлайн маркетплейстерде «қарызға» сауда жасау мүмкіндігі қарастырылған. Тұтыну кредиттерінің көлемі өскені, халықтың қарызға батқаны туралы бұған дейін үлкен мінберлерде талай айтылып, ізінше біз де талқылаған болатынбыз.

Қалалар мен ауылдар арасында да алшақтық бары анық, нақты зерттеу таппағанымызбен, өңірлер бойынша  онлайн сауда көшбасшыларына қатысты статистика жүргізілген екен. Көшбасшы – Алматы, онда 2,9 триллион теңгеден астам өнім сатылған немесе нарықтың барлық көлемінің 92,3 пайызы. Маркетплейстерді есепке алмағанда, қаланың үлесі 78,7 пайыз. Екінші орында маркетплейстерді қосқанда 103 миллиард теңгеден астам сатылыммен Астана тұр. Үштікті Қарағанды облысы 36,5 млрд теңгемен немесе барлық сатылымдардың 1,1 пайызымен түйіндеп тұр. Шымкент – төртінші орында, оның сатылымы – 26 млрд теңге және нарық үлесінің 0,8 пайызы.

Халықтың таңдауы  – отандық маркетплейстер

Дегенмен ел азаматтары шетелдің маркетплейстеріне қарағанда отандық онлайн сауда алаңдарында көбірек сауда жасайды екен. PwC мәліметінше, 2022 жылы онлайн-дүкендердегі транзакцияның орташа сомасы маркетплейстердегі сатып алу көрсеткіштерінен 17 пайыз­ға асып түскен, ал 2021 жылы үрдіс басқаша болған. 2022 жылы отандық сайттардың сауда чегі халықаралық сайттардан сатып алу көрсеткішінен 5 есе көп болған.

Яғни, қазақстандықтар онлайн сауданың 80 пайызын отандық онлайн сауда алаңдарында жасайды. 10 сауданың 9-ы маркетплейсте жасалады.

Сарапшылардың пікірінше, онлайн коммерцияның өсуіне елдегі цифрландырудың дамуы, бизнестің қызмет көрсету саласын дамытуға назар аударуы, тауа­рын маркетплейстер арқылы ұсынатын саудагерлердің санының өсуі, тауар түрінің көбеюі, халықтың онлайн сатып алуға дағдылануы сияқты бірнеше фактор әсер етіп отыр.

Зерттеуде бұдан басқа Pinduoduo, Taobao, Trendyol сияқты ірі сайттардағы сатылымдар көлемі өсетіні айтылған. Бұл отандық тауарларды сол алаңдарда сатуға мүмкіндік беретіні де қарастырылыпты. Яғни, ішкі нарыққа төнген қауіп емес, мүмкіндік ретінде бағаланып отыр.

«Тұтынушылар онлайн сатып алуды жиі, бірақ аз мөлшерде жалғастырды. Аударымдар санының айтарлықтай өсуіне көптеген фактор әсер етеді: жаңа логистикалық кешендерді жоспарлау, белсенді жергілікті жеткізушілердің көбеюі, жаңа ойыншылардың пайда болуы, ыңғайлы онлайн төлем әдістерін дамыту, жеткізудің жақсартылған тәсілдерін және тапсырыстың ең төменгі шегін төмендетуді қоса алғанда, бөлшек электрондық коммерция нарығындағы ойыншылардың бизнес-моделдерін дамыту, ассортиментті кеңейту. Бұдан басқа, нарықтың жекелеген ойыншыларының онлайн тапсырыстар бойынша деректерді өңдеу әдістеріне өзгерістер әсер етуі мүмкін. Мысалы, бір онлайн тапсырыс нарық ойыншыларының есепке алу әдіснамасына байланысты бірнеше транзакциялар ретінде есептелуі мүмкін» – деп жазылған зерттеуде.

Импортқа тәуелділікті ушықтыра ма?

Маркетплейстерде саудаланатын тауарлардың көпшілігі шетел тауарлары екені белгілі. Әсіресе, киім-кешек, техника, тұрмыстық тауарлардың барлығы дерлік шетелден импортталған тауарлар деуге болады. Шетел маркетплейстері туралы айтпаса да түсінікті. Қай саланы алып қарасақ та, арзан шетел тауарлары кәсіпкерлер мен саудагерлер үшін тиімді болып отыр. Ал еліміздің импортқа тәуелділігі күн сайын өсіп барады. Бұл ретте маркетплейстердің дамуы отандық өнім өндірудің мысын басып, еңсесін тіктеуіне одан сайын мұрша бермей ме деген қауіп те жоқ емес. Себебі өнім өндіру – қымбат. Ал өзің өндірген өнімді сол әлемдік маркетплейстерде саудалау, керісінше үлкен мүмкіндік болар еді.

Сауда және интеграция министрі Серік Жұманғарин ең негізгі деген азық-түлік бойынша да импортқа тәуелді екенімізді айтқан.

– Біздің есебіміз бойынша, бүкіл ел халқының жалпы тұтынуына сүйене отырып, бүгінгі таңда келесі импортталатын тауарларға тәуелдіміз: қант, тауық еті, ірімшік және сүзбе, сары май, күнбағыс майы, макарон өнімдері және маусымаралық кезенде қырыққабат пен пияз, – деді Серік Жұманғарин.

Кей азық-түлік импортына деген тәуелділік 90 пайызға дейін жететінін айтқан ол көрші нарықтардағы жағдайларға байланысты агрессивті экспорт байқалатынына тоқталған еді.

Ал Ұлттық банк төрағасының орынбасары Ақылжан Баймағамбетов 2024-2025 жылдары импорттық тауарларға тәуелділік 54,1-54,6 миллиард долларға өседі деген болжам барын айтқан болатын. «Неліктен?» деген сұраққа жауап беретін бірнеше факторға да тоқталып өткен.

– Біріншіден, шетелдік тауарлар қымбаттаса да халық пен бизнестің сұранысы тұрақты. Мысалы, 2022 жылғы 9 айдың қорытындысы бойынша заттай импорт былтырғы сәйкес кезеңмен салыстырғанда 3,5 пайызға артқан. Бұл өсім негізінен тұтыну және аралық тауарларда болды. Реэкспорттың өсуі есебінен де азық-түлік емес тұтыну тауарларына қатысты импортқа қосымша қысым көрсетіліп отыр, – деді Ақылжан Баймағамбетов.

Бұл мәселені халық қалаулылары да әрдайым көтереді. Олар нақты реформаның, мәселені шешудің жаңа жолдарын қарастыру керек екенін айтып Үкіметке 30 жыл бойы үндеу жасаумен келеді.

– Ұлттық экономикамыздың құрылымы әлі импортқа тәуелді. Мысалы, бүгінде құрылыс материалдарының импортына тәуелділік 90 пайыздан асқан, ал агроөнеркәсіп кешені саласында әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының шамамен 60 пайызға жуығы импортталады. Осылайша, Қазақстандағы инвестициялық ахуалдың жай-күйіне әсер ететін осы және басқа да проблемалық мәселеледі ескеріп, оларды мемлекеттік бюджеттен қаржыландыру мүмкіндіктерін жаңаша қарап, оларды шешудің балама жолдарын бірге әзірлеуге шақырамыз, – деген еді былтыр сенатор Сұлтанбек Мәкежанов Үкімет басшысына жолдаған сауалында.

Өмірбек ӘБІЛЖАН,

кәсіпкер:

Онлайн сауда екі тарапқа да тиімді

– Қазір маркетплейстер шынымен қарқынды дамып жатыр. Онлайн сауда мен офлайн сауданың арасындағы айырмашылық та айқын сезіліп жатыр. Осы салада жүргендіктен, жай-жапсарын көріп-біліп жүрміз деуге болады. Онлайн сауданың артықшылығы көп деп анық айта аламын. Мәселен, үйде отырып-ақ тапсырыс беруге болады, бөліп төлеу қызметі де бар. Қалтаңдағы ұялы телефон арқылы үлкен мүмкіндік ашылады. Керегіңді іздеп, суреті арқылы да тауып ала аласың. Үйден шыға алмайтын, яғни мүмкіндігі жоқ, мүмкіндігі шектеулі азаматтарға да өте ыңғайлы.

Пайда табу жағына тоқталар болсам, бір жерде сауда нүктеңіз бар болса, ол жерге күніне 50 адам ғана келуі мүмкін. Ал маркетплейсті алар болсақ, оның аудиториясы 10 миллионнан көп. Сіздің тауарыңызды күнделікті мыңнан астам адам сатып ала алады. Яғни, ешқандай шектеу де, шекара да жоқ. Тиімді бағада, сапалы, жақсы тауар сататын болсаңыз, офлайн саудамен салыстырғандағы айырмашылығы білініп тұрады.

Сонымен қатар технология дамыған онлайн сауданы боттар арқылы жүргізе аласыз, кәсібіңізге күніне 1-2 сағат уақыт бөлсеңіз жеткілікті болады. Қалғаны – автоматтандырылған. Ал сауда нүктесінде өзіңіз таңнан кешке дейін сатып тұрасыз немесе сатушы 10 сағаттай тік тұрып жұмыс істеуі керек болады. Сондықтан онлайн сауданы көбісі қосымша кәсіп ретінде қарастырады, қосымша табыс көзі ретінде жүргізеді. Жалпы, ыңғайлы тұстары көп.

Кәдімгі, яғни «офлайн» сауда түрі бара-бара тоқырауға ұшырауы мүмкін, дегенмен барлық салада емес. Тұрмыстық тауарлар, киім-кешек, азық-түлік, техника деп тауар санаттарына байланысты қарастырар болсақ, иә, кей кәсіпкерлер тегіс онлайнға көшуі мүмкін. Немесе шетелдегідей сауда нүктелері қалуы мүмкін, бірақ ол жерде қызметкерлер болмайды, келесіз, аласыз, төлеп кете бересіз.

Ал шетелдік маркетплейстердің ішкі сауда нарығына қандай да бір зияны бар ма деген мәселеге келер болсақ, кері әсері аса қатты байқалмайды. Себебі көбісі бәрібір де жеткізу ұзақтығына мән береді. Қазақстан ішіндегі жеткізу жылдам, ал шетелден апталап, айлап күтуге тура келуі мүмкін. Әр маркетплейстің өз клиенті бар екенін де атап өткен жөн, себебі біз солардың көбісімен жұмыс істейтіндіктен, тәжірибеден білеміз. Бұдан түйгеніміз –  басқа бір жерде тауар арзанға тұрса да, бір маркетплейстен тапсырыс беруге дағдыланған адам сол жерден ғана тапсырыс береді. Яғни, үйренген сауда алаңынан сауда жасайды. Қысқаша айтқанда, сол клиенттерге ыңғайлап, тиімді кәсіп жүргізсеңіз, олардан ешқандай кері әсер болмайды деп ойлаймын.

Қорыта айтқанда, онлайн сауда көзін таба білгенге – табыс, тұтынушыға ыңғайлы әрі тиімді сауда жасауға мүмкіндік беретін алаң. Қолыңды ұзартып, мәселені қысқартатын таптырмас құрал. Тек, отандық өнім өндірушілердің мәселесін ушықтырып, импортқа деген тәуелділікті одан сайын өсіруі мүмкін деген күдік қана алаңдатады...

Не десек те, онлайн сауда әлем бойынша үлкен мүмкіндік ашып отыр. «Технофеодалдардың» заманы келді дегенге келісуге де болатын сыңайлы.

 ҚазАқпарат