Телефонға тәуелділік нені білдіреді?

Телефонға тәуелділік нені білдіреді?
фото: https://pixabay.com/ru/

Ресейлік психологтар әлеуметтік желіні көп қолданған балаларда digital деменцияға ұшырау қаупі артқанын айтады. Енді қайтпек керек? Алдын алудың жолдары бар ма? «Цифрлық деменция» құбылысы осыдан 10 жыл бұрын Оңтүстік Кореяда анықталды. Сол кезде ата-аналар балаларының оқу үлгерімі, мінез-құлқы нашарлап бара жатқанына шағымданып, психиатр көмегіне жаппай жүгіне бастады. Бүгінде ресейлік психологтар да осыған байланысты дағыл қағып отыр. Әлеуметтік желі тұзағына түскен балалардың танымдық қабілеті тым қатты төмендеп барады, - дейді көрші елдің мамандары. Ольга Овсяник, психолог: - Деменция – бұл ми қызметінің бұзылуы. Ол зейіннің төмендеуіне, есте сақтау қабілетінің нашарлауына, жалқаулыққа әкеледі. Ал оны қалай анықтау болады? Мәселен, мультфильм көріп отырған баладан гаджетті тартып алған кезде тез агрессияға берілсе, демек бұл – цифрлық деменция. Психологтардың айтуынша, әлеуметтік желіде отырған баланың күрделі моторикаға, сөйлеуге жауап беретін ми бөліктері жұмыс істемейді. Сондықтан TikTok секілді әлеуметтік желілерде жиі уақыт өткізу өте қауіпті дейді. Әрбір лайк, реакция немесе пікір дофаминнің бөлінуіне әкеліп, бала шынайы өмірден гөрі көбірек виртуалды әлемге бет бұра бастайды екен.

Евгений Фомин, психолог: - Бұл – психологиялық тәуелділік. Тәуелді адамды әлеуметтік желіден алыстатса, ол эмоционалды тұрғыдан қиналады, қайтадан виртуалды әлемге оралуға талпынады. Өйткені гаджетсіз өмірде депрессияға ұшырап, мазасы қашады. Бүгінде цифрлық деменция дерт саналмайды. Әлем бойынша аурулар тізіміне енгізілмеген. Десе де аурулардың халықаралық жіктемесінде видео ойын мен онлайн ойындар тәуелділік тудыратын індет ретінде көрсетілген.

Александр Арутюнов, Еуразиялық терапевтер қауымдастығының вице-президенті: - Баланың гаджеттерді шамадан тыс қолданудан кейін деменцияға шалдығу қаупін арттырады. Сондықтан қазірден бастап оның миға қаншалықты әсер ететінін анықтау үшін медициналық зерттеулер жүргізу қажет. 

Дана Нұржан, тілші: - Цифрлық Альцгеймер ауруымен қалай күресуге болады деген сауалға психологтар қарапайым ақыл кеңестерін айтады. Ол үшін адамдармен әлеуметтік желілерде емес, күнделікті өмірде көбірек тілдесіп, кітап оқыған жөн деп санайды. Ал желідегі уақытты тиісінше азайтқан абзал дейді.

ҚазАқпарат